Оқулық жеткізу кешіге ме?
Жаңа оқу жылының басталуына аз уақыт қалғанда мектеп оқулықтарына қатысты мәселе қоғам назарын аударды. Биыл Оқу-ағарту министрлігі бекітетін оқулықтар тізбесі бұрынғы жылдардағыдай көктемде емес, әлі күнге дейін толық қабылданбаған. Соның салдарынан өңірлерде оқулықтарды сатып алу, басып шығару және білім ұйымдарына жеткізу жұмыстары кешеуілдеу қаупі туындап отыр.
Білім саласының сарапшыларының айтуынша, оқулықтар тізбесі бекітілмейінше жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік сатып алу рәсімдерін толық бастай алмайды. Ал баспалар қажетті таралымды басып шығару ісін қолға алмайды. Бұл өз кезегінде логистикалық жұмыстардың да мерзіміне әсер етуі мүмкін.
Білім беру саласының сарапшысы Гүлнәр Омарованың айтуынша, оқулықпен қамтамасыз ету бірнеше кезеңнен тұратын ұзақ процесс.
– Барлық өңірлерде оқулық сатып алуға қаражат қарастырылған. Бірақ ресми бұйрық бекітілмегендіктен, қандай оқулықтарды сатып алу қажет екені заң жүзінде нақтыланбаған. Соның салдарынан мемлекеттік сатып алу рәсімдері мен кітаптарды басып шығару жұмыстары уақытында басталмай отыр. Бұл кейін оқулықтарды мектептерге жеткізу мерзіміне де әсер етуі мүмкін, – дейді сарапшы.
Ал Оқу-ағарту министрлігі бұл жағдайдың себебін оқулықтардың сапасын арттыру жұмыстарымен байланыстырады. Үкімет өкілдерінің мәліметінше, сараптама барысында жүздеген техникалық, стилистикалық және фактологиялық қателік анықталған. Сондықтан оларды түзету үшін баспалар мен авторларға қосымша уақыт берілген.
Республикалық білім беру мазмұнын сараптау ғылыми-практикалық орталығының директоры Сейфулла Смайыловтың айтуынша, бұл – білім сапасын қамтамасыз етуге бағытталған қалыпты рәсім.
– Қазіргі таңда бұйрық бекіту сатысында тұр. Біз министрлікпен, баспалармен және сарапшылармен бірлесіп жұмысты аяқтап жатырмыз. Әрбір оқулық бірнеше кезеңнен тұратын сараптамадан өтеді. Егер қандай да бір кемшіліктер анықталса, оларды түзету үшін авторларға қайтарылады. Биыл оқулықтардың сапасына ерекше көңіл бөлініп, анықталған ескертулерді толық жою үшін баспаларға қосымша уақыт берілді, – деді ол.
Ресми мәліметке сәйкес, жаңа оқу жылының басына дейін бірінші кезекте 3 және 7-сыныптардың оқулықтары жеткізілуі жоспарланған. Ал 4 және 9-сыныптарға арналған кітаптарды 2027 жылдың қаңтарына дейін, 8-сынып оқулықтарын сәуір айына дейін кезең-кезеңімен жеткізу көзделіп отыр.
Мамандардың пікірінше, оқулықтағы қателерді түзету – сапалы білім беру үшін маңызды қадам. Алайда оқу жылы басталғанға дейін барлық оқушыны қажетті оқу құралдарымен толық қамтамасыз ету де басты міндет болып қала береді. Сондықтан ата-аналар мен педагогтер жаңа бұйрықтың тезірек қабылданып, оқулықтарды басып шығару мен жеткізу жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталады деп үміттенеді.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»
Фото: zakon.kz

