Жас буынға үлгі болған — Нұрлан Рахымберлин

Қарағанды қаласында полиция генерал майоры, ішкі істер органдарының құрметті қызметкері Нұрлан Рахымберлинді еске алуға арналған дәстүрлі шағын футбол турнирі өтті. Жарысты облыстық полиция департаментінің арнайы кәсіби даярлық басқармасы мен «Арлан» спорт клубы ұйымдастырды. Дәстүрлі дода құқық қорғау органдары қызметкерлерінің басын қосып, салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар, ішкі істер саласына еңбегі сіңген азаматтың жарқын бейнесін ұлықтауға арналды.

Турнирге Қарағанды облысындағы құқық қорғау және күштік құрылымдардың 12 командасы қатысты. Бірнеше күнге созылған жарыста қатысушылар жеңіс үшін тартысты ойын көрсетіп, ұйымшылдық пен кәсіби дайындықтарын байқатты. Спорттық бәсеке әріптестер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, командалық рухты қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Жарыстың ашылу рәсіміне Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Мұғманов, Нұрлан Рахымберлиннің отбасы мүшелері, ішкі істер органдарының ардагерлері және әртүрлі ведомстволардың өкілдері қатысты.

– Нұрлан Рахымберлин ұзақ жылдар бойы облыстық ішкі істер департаментін басқарып, өңірдегі құқық қорғау жүйесінің қалыптасуына және қызметтің тиімділігін арттыруға зор үлес қосты. Ол әріптестері арасында кәсібилігімен, жауапкершілігімен және адамгершілік қасиеттерімен ерекшеленген азамат ретінде есте қалды. Осындай еске алу турнирінің жыл сайын ұйымдастырылуы кейінгі буынға үлгі болған тұлғаның еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі, – деді Талғат Мұғманов.

Салтанатты шара барысында Нұрлан Рахымберлиннің ұлы сөз сөйлеп, әкесінің есімін ұмытпай, дәстүрлі турнирді ұйымдастырып келе жатқан облыстық полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамына отбасы атынан алғыс білдірді. Оның айтуынша, мұндай игі бастамалар ардагерлердің еңбегін дәріптеп қана қоймай, жас қызметкерлерге адал қызмет етудің үлгісін көрсетеді.

Жарыс барысында командалар жоғары дайындықтарын көрсетіп, тартысты кездесулер өткізді. Әр ойын өзара сыйластық пен әділ бәсеке рухында өтіп, қатысушылар жеңіске деген жігерлерін танытты. Турнирдің басты мақсаты жүлде сарапқа салу ғана емес, әріптестер арасындағы ынтымақтастықты арттырып, бұқаралық спортты дамыту болды.

Турнир қорытындысында үшінші орынды Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының командасы иеленді. Екінші орын Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаментінің құрамасына бұйырды. Ал барлық қарсыластарынан басым түскен облыстық полиция департаментінің командасы турнирдің жеңімпазы атанып, бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар жарыс барысында шебер ойын өрнегін көрсеткен футболшылар арнайы аталымдар бойынша марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар, медальдар, дипломдар және арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Еске алу турнирі Нұрлан Рахымберлиннің құқық қорғау саласындағы еңбегін тағы бір мәрте ұлықтап, әріптестері мен кейінгі буын қызметкерлерінің оған деген құрметін көрсетті. Мұндай жарыстар ардагерлердің өнегелі жолын насихаттап, құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында бірлік пен командалық рухты нығайтуға да өз үлесін қосып келеді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»