Ерекше жандарға – жаңа жұмыс мүмкіндігі

Қарағанды облысында мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Арнайы жұмыс орындары» мемлекеттік бағдарламасына өтінім қабылдау жалғасып жатыр. Жоба ерекше қажеттілігі бар жандардың тұрақты жұмысқа орналасуына, кәсіби тәжірибе жинауына және еңбек ұжымына бейімделуіне қолдау көрсетуді көздейді.

Бағдарламаға есту және көру қабілеті бұзылған, сондай-ақ тірек-қимыл аппараты зақымдалған, мансап орталықтарында жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар қатыса алады. Бағдарлама аясында жұмысқа орналастыру мерзімі 36 айға дейін белгіленген.

Мамандардың айтуынша, жоба азаматтарды еңбекпен қамтып қана қоймай, олардың кәсіби әлеуетін ашуға, қоғам өміріне белсенді араласуына және қаржылық дербестігін нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жұмыс берушілер үшін де ерекше қажеттілігі бар мамандарды еңбекке тартуға қолайлы жағдай жасалады.

Мемлекеттік қолдау шараларының басты мақсаты – еңбекке қабілетті әрбір азаматқа тең мүмкіндік беру және инклюзивті еңбек нарығын қалыптастыру. Осы бағыттағы жұмыстар өңірде тұрақты түрде жалғасып келеді.

Бағдарламаға қатысу тәртібі мен қажетті құжаттар туралы толық ақпаратты Қарағанды облысындағы мансап орталықтарынан алуға болады.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»