Домбыра – ұлт рухы, Конституция – ел тұғыры
Ұлттық домбыра күні – халқымыздың төл өнері мен рухани мұрасын ұлықтайтын ерекше мереке. Биыл бұл күн Қарағанды қаласында тағы бір тағылымды бастамамен ерекшеленді. Перинаталдық орталықтарда дүниеге келген сәбилердің отбасыларына қазақ халқының қасиетті мұрасы – домбыра және 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы салтанатты түрде табысталды.
Бұл игі шара ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпақтың бойына туған күнінен бастап отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру, отбасы институтын нығайту және заңға құрмет мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. Домбыра мен Конституцияның қатар сыйға берілуі акцияның тәрбиелік әрі тарихи маңызын бұрынғыдан да арттыра түсті.
Мереке күні Қарағанды қаласының №1 және №2 перинаталдық орталықтарында, сондай-ақ облыстық акушерлік-гинекологиялық орталықта барлығы 27 сәби дүниеге келді. Жас ата-аналарды Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Аналар кеңесінің мүшелері мен қоғам қайраткерлері құттықтап, сәбилерге ақ батасын берді.
Шараның алғашқы бөлігі Қарағанды қаласының №1 перинаталдық орталығында өтті. Мұнда дүниеге келген нәрестелердің отбасыларына ұлттық аспап пен Ата Заң табысталып, ел болашағына арналған ізгі тілектер айтылды.
Облыстық еврей мәдени орталығының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Вилен Молотов-Лучанскийдің айтуынша, бұл бастама – ұлттық құндылықтарды дәріптеумен қатар, жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне бағытталған маңызды қадам.
– Бұл акция жыл сайын өткізіліп келеді. Домбыра – қазақ халқының ұлттық рухын, мәдениеті мен болмысын танытатын қасиетті аспап. Бүгін дүниеге келген сәбилерге оны сыйға тарту арқылы біз олардың ұлттық өнерге жақын болып өсуіне тілектестігімізді білдіреміз. Бұл жай ғана естелік емес, болашақта балалардың домбыраны меңгеріп, ұлттық өнерді жалғастыруына себеп болатын ерекше сый. Әр бала елін сүйетін, халқына қызмет ететін азамат болып өссін деген ниетіміз бар. Баланы ұлттық мәдениетпен ерте жастан таныстыру өте маңызды. Ана құрсағындағы сәби бесік жыры мен халық әндерін естіп өссе, оның рухани дамуына оң әсер етеді, – деді ол.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова да бұл мерекенің маңызы жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.
– Ұлттық домбыра күні бекітілгелі бері халқымыздың қасиетті аспабына деген құрмет жаңа деңгейге көтерілді. Бүгін біз жаңа туған сәбилерге домбыра тарту етіп, ұлттық құндылығымызды ұлықтап отырмыз. Ертең осы бүлдіршіндер ұлттық өнерді жалғастырып, елдің мақтанышына айналса – біздің мақсатымыздың орындалғаны, – деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы акцияның ерекшелігі – ұлттық мұра мен мемлекеттік құндылықтың қатар ұлықталуы. Егер домбыра – ғасырлар бойы ұлттың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан рухани қазына болса, жаңа Конституция – Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық негізін айқындайтын, мемлекет дамуының басты бағдары мен ел бірлігінің кепілі.
Осы екі құндылықты жаңа өмірге қадам басқан сәбилердің отбасыларына бірге тарту ету – терең тәрбиелік мәнге ие. Бұл – ұлттық рух пен құқықтық мәдениетті қатар дәріптеп, жас ұрпақтың елін, жерін, тілін, дәстүрін құрметтейтін әрі заңды сыйлайтын азамат болып қалыптасуына бағытталған игі бастама.
Мереке күні дүниеге келген сәбилердің бірі – Ерлік есімді нәресте. Ол өз отбасының бесінші перзенті. Ұлттық домбыра күні туған сәбиге домбыра табысталып, ата-анасына ақжарма тілектер айтылды.
Жас ана Мөлдір Уйсинбекова ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, бұл сыйлықтың отбасы үшін ерекше естелік екенін жеткізді.
– Осындай ерекше сыйлық аламыз деп ойлаған жоқпыз. Домбыраны дәріптеп, оны жаңа туған сәбилерге тарту етіп жатқандарыңызға үлкен рақмет. Ерлік балам шаңырағымызда домбыра ұстап, ұлттық өнерді жалғастыратын алғашқы жан болады деп сенемін, – деді ол.
Шара барысында жас аналарға ізгі тілектер айтылып, сәбилердің дені сау, білімді, елінің мәдениеті мен дәстүрін құрметтейтін, заңды сыйлайтын саналы азамат болып өсуіне ақ баталар берілді.
Мұндай тағылымды науқанлар ұлттық құндылықтарды насихаттап қана қоймай, қоғамдағы бірлік пен келісімді, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға қызмет етеді. Домбыраны сәби қолына ұстату – оның өмір жолының ұлттық рухпен басталуына деген ақ тілек болса, жаңа Конституцияны сыйға тарту – әрбір қазақстандықтың заң үстемдігін құрметтеп, елдің тұрақтылығы мен өркендеуіне үлес қосатын жауапты азамат болып қалыптасуына үндейтін маңызды тәрбиелік қадам.
Домбыра – халқымыздың жүрегінен орын алған рухани мұра, ал Конституция – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры. Осы қос құндылықтың жаңа туған нәрестелердің өмір жолымен қатар өрілуі – ұлттық сана мен азаматтық жауапкершілікті қатар дәріптейтін, тәрбиелік мәні зор игі бастама.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

