Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда
М.О.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхананың Балаларға қызмет көрсету бөлімінде «Заң мен тәртіп» жобасы аясында «Қауіпсіз жаз» атты профилактикалық акция ұйымдастырылды.
Шараның басты мақсаты – жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздік ережелері туралы білімдерін арттыру, өз өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарау дағдыларын қалыптастыру, төтенше жағдайлардың алдын алу және қауіпсіз өмір салтын насихаттау. Науқанға Қарағанды қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері, сондай-ақ ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Апаттар медицинасы орталығының Қарағанды облысы бойынша филиалының дәрігері қатысты. Сонымен қатар, BALÁLEM білім орталығы мен «Я САМ» дамыту орталығының жазғы лагерь тәрбиеленушілері және олардың жетекшілері белсенді атсалысты. Кездесу барысында мамандар балаларға судағы қауіпсіздік, өрт қауіпсіздігі, тұрмыста кездесетін қауіп-қатерлердің алдын алу жолдары және жаз мезгілінде сақталуы тиіс негізгі қауіпсіздік ережелері туралы жан-жақты ақпарат берді. Қатысушылар төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету алгоритмдерімен танысып, қауіптің алдын алу жолдары жөнінде пайдалы кеңестер алды. Шараның маңызды бөлімдерінің бірі – алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша тәжірибелік сабақ болды. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Апаттар медицинасы орталығының Қарағанды облысы бойынша филиалының дәрігері балаларға жарақат алған жағдайда немесе төтенше оқиға кезінде алғашқы көмек көрсету тәсілдерін көрсетіп, қарапайым әрі тиімді іс-әрекеттерді тәжірибе жүзінде түсіндірді. Акция барысында балалар мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қауіпсіздік ережелеріне қатысты пайдалы мәліметтер алды. Танымдық әрі тәжірибелік форматта өткен кездесу жас қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырып, олардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті. М.О.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхананың қызметкері Махаббат Саменова мұндай шаралардың маңыздылығына тоқталды.
– Балалардың қауіпсіздігі – барша қоғамның ортақ міндеті. Жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақыты көбейетіндіктен, қауіпсіздік ережелерін білуі ерекше маңызды. Осындай кездесулер арқылы біз балаларға өмірде кездесуі мүмкін түрлі қауіптердің алдын алу жолдарын түсіндіріп, олардың дұрыс шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыруға үлес қосамыз. Мамандардың тәжірибелік кеңестері балалар үшін өте пайдалы болды. Болашақта да жас оқырмандардың қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуына бағытталған осындай танымдық шараларды тұрақты түрде ұйымдастыруды жалғастырамыз, – дейді М.О.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхананың қызметкері Махаббат Саменова.
«Қауіпсіз жаз» профилактикалық акциясы балалардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, олардың өмірлік маңызды дағдыларын дамытуға және қауіпсіз өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды шаралардың бірі болды.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»
