1 шілдеден бастап не өзгереді? Қазақстанда бірқатар жаңа заңдар мен ережелер күшіне енді
1 шілдеден бастап Қазақстанда азаматтардың күнделікті өміріне, кәсіпкерлікке, құрылыс саласына, қаржы және сауда қатынастарына әсер ететін бірқатар заңнамалық өзгерістер күшіне енді. Олардың қатарында жаңа Құрылыс кодексінің қолданысқа енгізілуі, ипотекалық несиелеу талаптарының өзгеруі, интернет арқылы сатып алынатын тауарларға қатысты жаңа кедендік тәртіп пен абаттандырудың бірыңғай қағидалары бар. Бұл өзгерістер мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, цифрландыруды дамытуға және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған.
Ең ауқымды жаңалықтардың бірі – жаңа Құрылыс кодексінің күшіне енуі. Құжат құрылыс саласындағы талаптарды жаңартып, барлық құрылыс нысандарының цифрлық бақылауға алынуын көздейді. Енді әрбір құрылыс жобасына бірегей сәйкестендіру нөмірі беріледі, ал жобалардың орындалуы eQurylys және қала құрылысы кадастрының ақпараттық жүйелері арқылы бақыланады. Сонымен қатар қала құрылысы құжаттарына қойылатын сараптама талаптары күшейтіліп, ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін қолжетімділік мәселесіне ерекше назар аударылады.
Қаржы саласында да маңызды өзгерістер енгізілді. 1 шілдеден бастап тұрғын үй ипотекасы бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің ең жоғары шегі 25 пайыздан 20 пайызға дейін төмендетілді. Бұл ипотекалық несиелердің қолжетімділігін арттырып, қарыз алушылардың қаржылық жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Электронды сауда саласында жаңа кедендік талаптар күшіне енді. Енді шетелдік интернет-дүкендерден сатып алынатын тауарлар жеке санат ретінде рәсімделеді. Бұрынғыдай 200 еуроға дейінгі сатып алулар баж салығынан босатылады, алайда осы сомадан асқан жағдайда кедендік төлемдер төленеді. Сонымен бірге декларацияны сатып алушы емес, электронды сауда операторы немесе тасымалдаушы рәсімдейді. Бұл рәсімдерді жеңілдетіп, халықаралық интернет-сауданың ашықтығын арттыруға бағытталған.
1 шілдеден бастап елді мекендерді абаттандырудың жаңа үлгілік қағидалары да қолданысқа енгізілді. Ережеге сәйкес ғимарат иелері мен жер пайдаланушылар өз нысандарының маңындағы аумақтың тазалығына жауап береді. Сондай-ақ үй жануарларын серуендету кезінде олардың соңынан тазалау міндеті енгізіліп, қоғамдық орындардың санитарлық жағдайына қойылатын талаптар нақтыланды.
Бұдан бөлек, құрылыс саласында «кілтпен тапсыру» қағидаты бойынша жобаларды іске асырудың жаңа тәртібі бекітілді. Бұл механизм жобалаудан бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі барлық жұмысты бір мердігердің орындауына мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл құрылыс сапасын арттырып, жауапкершілікті нақты айқындауға бағытталған.
Сарапшылардың пікірінше, 1 шілдеден күшіне енген бұл өзгерістер мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыруға, экономиканың ашықтығын қамтамасыз етуге және азаматтарға қолайлы құқықтық орта қалыптастыруға ықпал етеді. Ал жаңа нормалардың нақты нәтижесі олардың іс жүзінде қалай орындалатынына байланысты болмақ.
Шілде айындағы тағы бір маңызды жаңалық – 19 шілдеден бастап елімізде бірыңғай банкаралық QR-төлем жүйесінің іске қосылуы. Жаңа жүйе арқылы қазақстандықтар кез келген банктің мобильді қосымшасы арқылы кез келген банктің QR-коды бойынша төлем жасай алады. Бұл қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды жеңілдетіп, түрлі банк экожүйелері арасындағы шектеулерді жояды. Ұлттық банктің мәліметінше, жаңа жүйе төлемдердің қолжетімділігін арттырып, қаржы нарығындағы бәсекелестікті дамытуға мүмкіндік береді.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

