Спорт – қауіпсіз қоғамның кепілі

Қарағандыда жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған игі бастамалар жалғасуда. Қала әкімдігі мен спорт саласы мамандарының қолдауымен жүзеге асып жатқан «Қауіпсіз қоғам» жобасы аясында Орталық саябақтағы роликодромда роликті конькимен сырғанаудан жарыс ұйымдастырылды. Есірткіге қарсы күрес айлығы аясында өткен спорттық дода «Заң мен тәртіп» қағидатын дәріптеп, жас ұрпақты спортқа баулу мен зиянды әдеттердің алдын алуды мақсат етті.

Соңғы жылдары Қарағанды қаласында жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Қала әкімдігінің бастамасымен өткізілетін мұндай шаралар жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және зиянды әдеттерден аулақ болуына ықпал етіп отыр. Бұл – қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.

Жарысқа ролик спортымен айналысатын жас спортшылар қатысып, жекелей жарыс пен масс-старт бойынша бақ сынады. Жас ерекшеліктеріне қарай ұйымдастырылған сайыс балалардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, өзара достық пен командалық рухты нығайтуға мүмкіндік берді.

– Бұл жарыс біздің мектептің ең кішкентай тәрбиеленушілеріне, яғни бастапқы дайындық тобына арналған. Шара нашақорлыққа қарсы күреске бағытталған. Оны қалалық спорт бөлімі мен қала әкімдігі ұйымдастырып отыр. Балалар жекелей жарыс пен масс-старт бойынша бақ сынайды. Әр кезеңнің жеңімпаздары медальдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталады. Осындай жарыстар балалардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, бос уақытын пайдалы өткізуіне мүмкіндік береді, – деді «Қысқы спорт түрлері бойынша облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебі» КММ-нің конькимен жүгіру спорты бойынша жаттықтырушысы Станислав Палкин.

Жарыс барысында ондаған жас спортшы жоғары дайындықтарын көрсетіп, жылдамдық пен ептілікте сынға түсті. Көрермендер тартысты бәсекеге куә болып, қатысушыларға қолдау білдірді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың спорт арқылы өзін-өзі дамытуына жол ашады.

– Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан оларды ерте жастан спортқа баулып, денсаулықтарын күтуге, өздерін дамытуға үйретуіміз керек. Қазіргі таңда балалардың уақытын алатын гаджеттер де, түрлі зиянды ықпалдар да көп. Ал спорт олардың дұрыс орта қалыптастырып, мақсат қоя білуіне, тәртіпке үйренуіне көмектеседі, – деді жаттықтырушы Станислав Палкин.

Жарысқа қатысқан жас спортшылар да ролик спортының өмірлерінде ерекше орын алатынын жасырмады. Олар спорттың өздеріне жаңа достар тауып, тәртіпке үйренуге, денсаулықтарын нығайтуға және бос уақыттарын пайдалы өткізуге мүмкіндік бергенін айтты.

– Бұл спорт түрінде маған ең алдымен жаттықтырушыларымыздың мейірімділігі ұнайды. Кейде талап қойып, ескерту жасайды, бірақ бұл біздің жақсы нәтиже көрсетуіміз үшін қажет. Мен мұнда келгенді жақсы көремін және салауатты өмір салтын қолдаймын, – деді жарысқа қатысушы Екатерина Зюзя.

– Маған бұл орта өте ұнайды. Жаттығулар екі сағатқа созылады, кейде шаршаймыз, бірақ соның нәтижесін көргенде ерекше қуаныш сезінеміз. Аз уақыттың ішінде жылдам тебуді үйреніп, төзімділігім артты. Спорт адамға мақсат қоя білуді және сол мақсатқа жетуді үйретеді, – дейді қатысушы Марк Калашников.

– Балалар ешқашан есірткінің зиянын көрмеуі керек. Ол денсаулыққа ғана емес, бүкіл өмірге қауіп төндіреді. Сондықтан бос уақытты спортпен айналысып, білім алуға арнаған дұрыс, – деп өз ойын білдірді қатысушы Раяна Шахаева.

Спорттық мереке соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдар және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай жарыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізілетінін атап өтті.

Осындай тағылымды бастамалар арқылы Қарағандыда жастарды спортқа тарту, олардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру және зиянды әдеттердің алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Спорт – денсаулықтың ғана емес, қауіпсіз қоғам қалыптастырудың да сенімді кепілі екенін бұл жарыс тағы бір мәрте дәлелдеді.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»