ҚарТУ білім сапасы бойынша көшбасшылар қатарында
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті 2026 жылғы Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігінің (НААР) ұлттық рейтингінде жоғары нәтижеге қол жеткізіп, еліміздің жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте растады.
Ұлттық рейтинг қорытындысы бойынша университеттің 16 білім беру бағдарламасы Қазақстанда өз бағыты бойынша бірінші орынға ие болды. Сонымен қатар жоғары оқу орны Қазақстан университеттерінің ТОП-20 бас рейтингінде 6-орыннан көрінді.
Биыл рейтингке университеттің 50 білім беру бағдарламасы енгізілді. Оның 31-і Қазақстандағы үздік үштікке, ал 46 бағдарламасы үздік бестікке енді. Бұл көрсеткіштер білім беру сапасының, ғылыми әлеуеттің және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлау жүйесінің жоғары деңгейде екенін дәлелдейді.
Сарапшылардың бағалауынша, рейтинг нәтижелері университеттің білім беру бағдарламаларының заман талабына сай жаңартылып, өндіріс пен ғылымның сұранысына бейімделгенін көрсетеді. Биыл рейтингке алғаш рет енгізілген бес білім беру бағдарламасының үшеуі инновациялық бағыттарға арналған. Сонымен қатар он білім беру бағдарламасы өз позициясын жақсартып, оның үшеуі еліміз бойынша көшбасшы атанды.
Жоғары көрсеткіштер университеттің профессор-оқытушылар құрамы, ғалымдары, студенттері мен индустриялық серіктестерінің бірлескен еңбегінің нәтижесі саналады. Алдағы уақытта оқу орны білім беру бағдарламаларын жетілдіруді, заманауи оқыту технологияларын енгізуді, өндіріспен байланысты күшейтуді және еңбек нарығына бәсекеге қабілетті инженерлік кадрлар даярлауды жалғастырады.
Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің баспасөз қызметі

