Мектептерде смартфон қолданудың жаңа ережесі енгізіледі
Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі мектептерде оқушылардың смартфон пайдалану тәртібі бірыңғай ережемен реттеледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.
Жаңа талапқа сәйкес, 1-7 сынып оқушылары сабақ басталғанға дейін ұялы телефондарын арнайы белгіленген орынға тапсыратын болады. Сонымен қатар үзіліс кезінде де бастауыш және орта буын оқушылары смартфондарды пайдалана алмайды. Гаджеттер оқу күні аяқталғанша арнайы сақтау орындарында сақталады.
Ал 8-11 сынып оқушыларына қатысты тәртіп өзгеше болады. Министрліктің түсіндіруінше, жоғары сыныптарда бірқатар пәндер цифрлық білім беру платформалары арқылы оқытылатындықтан, бұл санаттағы оқушылар үшін ереже педагогтермен бірлесіп жеке айқындалады.
Жақын уақытта барлық білім беру ұйымдарына смартфондарды қабылдау және сақтау тәртібін белгілейтін бірыңғай нұсқаулық жіберіледі.
Осы уақытқа дейін әр мектеп ұялы телефондарды пайдалану мәселесін ішкі тәртіпке сәйкес өз бетінше реттеп келген болатын. Енді жаңа оқу жылынан бастап бұл талап еліміздің барлық мектептері үшін ортақ тәртіппен жүзеге асырылмақ.
Министрлік жаңа ереже оқушылардың сабаққа зейінін арттыруға, оқу процесіндегі тәртіпті күшейтуге және цифрлық құрылғыларды тиімді пайдалануға ықпал етеді деп күтуде.

