Колледждерге қабылдау басталды
Қарағанды облысының колледждерінде жаңа оқу жылына талапкерлерден құжат қабылдау басталды. Биыл өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары жүзден астам мамандық бойынша талапкерлерді қабылдайды. Олардың қатарында еңбек нарығының сұранысына сай жаңа білім беру бағдарламалары да бар. Ең бастысы – биыл талапкерлер үшін 9 300-ден астам мемлекеттік грант бөлініп отыр.
Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі экономиканың басты тіректерінің біріне айналды. Мамандардың айтуынша, еліміздегі жұмыспен қамтылған азаматтардың 61 пайызы – колледж түлектері. Бұл көрсеткіш тау-кен өндірісінде 82 пайызға, көлік саласында 77 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде 60 пайызға жетеді. Яғни, өндіріс орындарының басым бөлігі кәсіби мамандармен дәл осы колледждер арқылы қамтамасыз етілуде.
Соңғы жылдары Қарағанды облысы колледждерінің білім сапасы айтарлықтай артып келеді. Студенттер республикалық және халықаралық кәсіби шеберлік байқауларында жүлделі орындарға ие болып жүр. Сонымен қатар оқу орындары жұмыс берушілермен әріптестікті күшейтіп, дуалды оқыту жүйесін кеңінен енгізуде. Бұл студенттердің оқу барысында-ақ өндірістік тәжірибе жинақтап, кейін тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.
– Қарағанды облысының колледждері бүгінде өңір экономикасына қажетті білікті мамандарды даярлаудың маңызды орталығына айналды. Біз кәсіпорындармен бірлескен жобаларды көбейтіп, білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының сұранысына сай жаңартып келеміз. Мемлекеттік гранттардың көптеп бөлінуі жастарға сапалы білім алып, болашақ мамандығын еркін таңдауға жол ашады, – деді Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев.
Өңірдегі техникалық білім беру ұйымдарының халықаралық байланыстары да кеңейіп келеді. Бірқатар колледж халықаралық аккредиттеуден өтіп, білім беру сапасын әлемдік талаптарға сәйкестендірді. Ал Теміртау жоғары политехникалық колледжі Бейжің кәсіптік колледжімен бірлесіп халықаралық альянс құрды. Оның құрамына Қазақстанның 15 колледжі, соның ішінде Қарағанды облысының 12 колледжі мен бірнеше өндірістік кәсіпорын енген.
Сондай-ақ серіктестік аясында Xiaomi және Lenovo компанияларының техникаларын жөндеу және сервистік қызмет көрсету орталығын ашу жөнінде келісім жасалған. Бұл жоба студенттердің заманауи технологиялармен жұмыс істеуіне, халықаралық деңгейде сұранысқа ие кәсіби дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік береді.
Білім беру саласының мамандары еңбек нарығындағы өзгерістерді ескере отырып, ескірген мамандықтарды жаңғыртып, жаңа бағыттарды енгізуге басымдық беріп отыр. Жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, өнеркәсіптік автоматтандыру, сервистік қызмет көрсету сияқты салалар бойынша жаңа бағдарламалар кезең-кезеңімен іске қосылуда.
– Бүгінгі студент ертеңгі еңбек нарығының талабына толық сай болуы керек. Сондықтан колледждерде жаңа технологиялар енгізіліп, халықаралық тәжірибеге негізделген бағдарламалар жүзеге асырылуда. Заманауи зертханалар мен өндірістік серіктестердің қолдауы жастардың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуына мүмкіндік береді, – деп атап өтті Дулат Жекебаев.
Колледждерге құжат қабылдау 25 маусымда басталды. Талапкерлер құжаттарын электронды үкімет порталы арқылы немесе тікелей колледжге барып электронды форматта тапсыра алады. Орта буын мамандары мен қолданбалы бакалавриат бағдарламаларына қабылдау аттестаттың орташа балы мен бейіндік пәндердің нәтижесіне қарай жүргізіледі. Ал жұмысшы мамандықтарына түсушілер әңгімелесу арқылы қабылданады.
Педагогикалық мамандықтарға үміткерлер эссе мен диктант жазса, медициналық және шығармашылық бағыттарды таңдаған талапкерлер арнайы немесе шығармашылық емтихан тапсырады.
Мамандардың айтуынша, техникалық және кәсіптік білім бүгінде жастар үшін сұранысқа ие мамандықты қысқа мерзімде игеріп, еңбек нарығына тез бейімделудің тиімді жолына айналып отыр. Сондықтан биылғы қабылдау науқаны мыңдаған талапкер үшін болашақ кәсіпке бастар маңызды қадам болмақ.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

