«Ей, ақындар, ортаңнан жол ашыңдар!»

Қарағандыда жас ақындардың шығармашылық әлеуетін қолдауға бағытталған «Жас ақындар дуэлі» өтті. Майқұдық мәдениет үйінде ұйымдастырылған жыр додасы жас қаламгерлердің шеберлігін шыңдап, олардың шығармашылығын кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді.

Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен әдеби байқауға өңірдің талантты жас ақындары қатысып, өзара шығармашылық сайысқа түсті. Байқау барысында қатысушылар поэзиядағы өзіндік қолтаңбасын, ой тереңдігін және сөз өнеріне деген көзқарасын танытты. Жас ақындар азаматтық лирика, ұлттық құндылықтар, туған жер, адам тағдыры және руханият тақырыптарында жыр оқып, көрермен мен қазылар алқасының ықыласына бөленді.

Қазылар алқасының шешімімен үшінші орын Райымбек Қойшыбай мен Нұрғасыр Изатқа бұйырды. Екінші орынды Ақжігіт Сағынтай мен Ділнәз Жұмагелді иеленсе, бірінші орын тұғырына Нұрасыл Аманжол мен Нұрдәулет Бақытұлы көтерілді.

Айта кету керек, жеңімпаз атанған қос ақынның бірлескен жыр жинағы алдағы уақытта оқырман қауымға жол тартпақ. Бұл жас қаламгерлердің шығармашылық ізденістерінің жаңа кезеңіне бастар маңызды қадам болмақ.

Ақын, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының иегері Жанат Жаңқашұлы мұндай жобалардың жас таланттарды қолдаудағы маңызын атап өтті:

– Жас ақындардың шығармашылық бәсекесі жоғары деңгейде өтті. Бұл жобаның басты мақсаты – талантты жастарға қолдау көрсету, олардың шығармашылығын көпшілікке таныстыру және қазақ поэзиясының жаңа буынын қалыптастыру. Қатысушылардың әрқайсысы өзіндік көзқарасын, көркемдік ізденісін және сөз өнеріне деген құрметін көрсете білді. Жүлдегер атанған ақындарды шын жүректен құттықтаймын. Әсіресе, бірінші орын иеленген Нұрасыл Аманжол мен Нұрдәулет Бақытұлының алдағы уақытта жарық көретін бірлескен жыр жинағы әдебиетсүйер қауымның ыстық ықыласына ие болады деп сенемін. Осындай әдеби жобалар арқылы ұлттық рухты дәріптеп, жас қаламгерлердің шығармашылық ізденістеріне жол ашу – маңызды міндеттердің бірі, – деді ол.

«Жас ақындар дуэлі» жаңа есімдерді танытып қана қойған жоқ. Сонымен қатар, қазақ поэзиясының болашағына деген сенімді нығайтып, жас қаламгерлердің шығармашылық ізденістеріне серпін берді. Қаламды серік еткен жастардың әрбір жырынан туған елге деген сүйіспеншілік, ұлттық рух пен сөз өнеріне деген адалдық айқын аңғарылды.

Жас ақындардың бүгінгі ізденісі мен шығармашылық табыстары – қазақ әдебиетінің ертеңгі жарқын келбетінің кепілі. Сондықтан мұндай әдеби жобалардың жалғасуы ұлттық руханияттың дамуына тың серпін беретіні сөзсіз.

Жеңіске жеткен ақындарың өлеңдерімен таныс болыңыздар:

 

***

Қызыл түс маған ұнайтын болды,

Қызыл деп көңіл үздіге берді.

Қызарып өңім сала бердің-ау,

Қызыл көйлекті қызды көргелі.

 

Қызғанып тұрмын бәрінен сені,

Қызықсың менің тағдырым.

Қызығып саған қарағандардың

Жек көрір тұрдым барлығын.

 

Сүреңсіз күнге өң беріп жаңа,

Тудырдың, лезде өлтірдің.

Суретіңізге телміре бердім,

Теңеуін таппай көркіңнің.

 

Сахнаға шықтың бұралып, кербез,

Мен тұрдым саған оқталып.

Әніңе салдың жанды тербейтін,

Кеудемді жатты от қарып.

 

Қызыл көйлекті аруды іздеп,

Ізіне түстім елестің.

Дәл менің сені сүйгенімдей

Сүймеген шығар сені ешкім.

 

Іздедім сені, бейтаныс ару,

Жаныма жыр боп көктеген.

Қызыл түс – менің сүйікті түсім,

Басқаның бәрін жек көрем.

 

Тұлпарға мінген текті жігіт ем,

Өзіммен-өзім күлетін болдым.

Өңімді қойшы, сол күннен бері

Түсіме жиі кіретін болдың.

 

Қызыл көйлекті бейтаныс ару,

Қызарып өңің, жүр аман.

Мен қызға бұлай ғашық болмағам,

Көйлегің шығар ұнаған.

 

Нұрдәулет БАҚЫТҰЛЫ

 

***

Шіркін-ой, он сегізім қайда менің,

Естелігі санамда бұлғақтаған.

Көрші ауылдың қызына ғашық болып,

Тек соған ұнау үшін жыр жаттағым.

 

Он сегізім қайдасың, оты жалын,

Күн батса, өзіңді аңсап отырамын.

Есімде әлі өзіңе жазған жырды

Бейтаныс аруға деп оқығаным.

 

Мен онда құлын едім, кекілді едім,

Күнәдән дә едеуір тазатынмын.

Қолыма қалам алсам, жол басына

Көрші ауылдың қызы деп жазатынмын.

 

Шапқан аттай күндер ай, дүркіреген,

Ол да бір дәуір кері бұрылмайтын.

Мені көрсе ағаңның түсі суып,

Итің де қайта қайта ырылдайтын.

 

Күндер ай, қайта кері бұрылмайтын,

Көкіректі жаппаған күдік көміп.

Түн батса ауылыңа келетінмін,

Сені бір көремін деп үміттеніп.

 

Он сегізде шарлаған жолдар әні

Жатады саған сәлем жолдап әлі.

Менің саған қолымның жетпегені

Қазіргі ақылымның болғағаны.

 

Он сегізім жастығым, оты жалын,

Таңды таңға үмітпен жалғайтын ем.

Көрші ауылдың сол қызы болмағанда

Құдай ақы, мен ақын болмайтын ем.

 

Жылдар өтті, ал қазір ашылды аран,

Өлең болып жетемін ғасырға аман.

Қайдасың қайран менің он сегізім,

Он екі де бір гүлім ашылмаған.

 

Нұрдәулет БАҚЫТҰЛЫ

 

Түсімдегі құс

 

Аспан жақты аңсайтын менде күш бар,

Құз бен шыңға жүректі емде құштар.

Қала сенің бағың ба?

бағыңда бір

Биігінен адасқан өңге құс бар.

 

Тұмысығына татымай дәнек те бір,

Тура келген болуға желөкпе құр.

Уайым ба қыр,

уайым ба әлде биік,

Қайыңға бір қонады,терекке бір.

 

Шыр шыр етіп шыр пыр боп шыңы елестеп,

Бірі ерте келген топ бірі кеш кеп.

Қонақ жемін бергенмен,

шырылдайды,

Қонар жерің болмаса түк емес деп.

 

Баққа сыймай жүргені биікті аңсап,

Миықтайды тағдыр жүк иықтан сап.

Қиыр қиыр қыратты сағындырды,

Үйір үйір ой әкеп ұйықтыр шақ.

 

Деймін оған

 

Рауандап атқан таңда басыла леп,

Раушановқа бір тағзым,

Қасынан өт!

Бақыт бола алса егер ақымақ құс,

Қонады екен кімдердің басына кеп.

 

Заңғар сені шақырса қалатын ең,

Түн атымен аталмай таң атымен.

Төрге сыймай барады төбеде ұшып,

Торға сыймай қалатын қанатымен.

 

Биікке жет!

 

Нұрасыл АМАНЖОЛ

 

***

Баққа кеттік бақыттың бұйырғаны,

Балмұздақ жеп қайтайық құйылмалы.

Бір минутты өткізіп бір ғасырдай,

Бір шапағат табайық шың басындай,

Біздің үлкен жүрекке сыйымды әрі.

 

Жанға жылу сыйласын төбеден күн,

Жаңбыр жаусын,жауыным себеле еркін!

Жылтыратып,күлкің де күмісім бір,

Жамалыңа бағынып тынысым бір,

Жанарыңа байланып,көнеді еркім.

 

Қара бұлттар көрінсін жаным қалың,

Қара костюм мендегі жамылғаның.

Қарасыңнан қалмасын ойымда дым,

Қаласынан айналдым,

Мойындадым,

Қарағанды бағында бағым барын.

 

Тербетілсін әткеншек әлди бізге,

Телмірмесін мұң келіп,көнб(е)йміз де.

Таңғалғаным өмірді жаңа сүрдім,

Тосқан шақты-ай…

Таптым деп аласұрдым,

Тасмоншақтай үмітім сен дейді үзбе.

 

Баққа кеттік бақыттың бұйырғаны,

Балмұздақ жеп қайтайық құйылмалы.

Бір минутты өткізіп бір ғасырдай,

Бір шапағат табайық шың басындай,

Біздің үлкен жүрекке сыйымды әрі.

 

Нұрасыл АМАНЖОЛ

 

Ералы ҒАНИ,

«QH»