Скутер иелері тығырыққа тірелді
Қарағанды облысында скутер иелері техникалық байқаудан өте алмай, әуре-сарсаңға түсіп отыр. Биылғы сәуірден бастап күшіне енген жаңа талапқа сәйкес, скутерлер де міндетті техникалық байқаудан өтуі тиіс. Алайда өңірде мұндай қызмет көрсететін орталықтардың аздығы тұрғындарға қосымша шығын жүктеп отыр.
Дубовка кентінің тұрғыны, зейнеткер Виктор Рязанцев өткен күзде ауыл ішінде қатынау үшін электроскутер сатып алған. Көлігін тіркеп, сақтандыру рәсімдерін толық аяқтағанымен, техникалық байқаудан өткізе алмай жүр.
«Көлікті Қарағандыға жеткізу үшін кем дегенде Газель жалдау керек. Бір бағыттың өзіне 30 мың теңге сұрайды. Зейнетақысы 150 мың теңге болатын адам үшін бұған тағы техбайқаудың ақысын қосқанда, бұл ақылға сыймайтын шығын», – дейді Дубовка кентінің тұрғыны Виктор Рязанцев.
Балқаш қаласының тұрғындары үшін шығын бұдан да жоғары. Кейбірінің айтуынша, скутерді облыс орталығына жеткізу құны 150 мың теңгеге дейін жетеді. Бүгінде Қарағандыда мотоциклдер мен скутерлерге техникалық байқау жүргізе алатын небәрі үш станция ғана бар.
«Бір нәрсені міндеттеп, алға жылжытқысы келеді, бірақ оған тиісті жағдай жасалмайды. Ауылдан скутер сатып алған адам оны есепке қою немесе техникалық байқаудан өткізу үшін міндетті түрде қалаға тасуы керек пе?» – дейді «AutoMotoLife-Караганда» қауымдастығының мүшесі Дмитрий Чаренцев.
Ішкі істер министрлігі өз міндеті техникалық байқаудан өткені туралы құжатты талап етумен шектелетінін мәлімдеді. Ал «Азаматтарға арналған үкімет» бұл мәселенің олардың құзыретіне кірмейтінін түсіндірді. Себебі техникалық байқау қызметі бәсекелестік ортаға берілген.
Көлік министрлігінің мәліметінше, мәселе негізінен Қарағанды облысында ғана өзекті болып отыр. Республика бойынша ауылдарға шығатын 90-нан астам жылжымалы техникалық байқау желісі жұмыс істейді, алайда өңірде мұндай қызмет әлі жолға қойылмаған.
«Өкінішке қарай, Қарағанды облысында шалғай аудандар мен ауылдарға шығатын жылжымалы желілер жоқ. Сұраныс артқан сайын мұндай желілер ашылады деп үміттенеміз», – дейді ҚР Көлік министрлігі Көлік басқармасының бас сарапшысы Қанат Қалмағанбетов.
Осылайша, заң талаптары күшіне енгенімен, оны орындауға қажетті инфрақұрылым толық қалыптаспай отыр. Сондықтан әзірге шалғай аудан тұрғындары үшін скутерлерін облыс орталығына тасып, қосымша шығынға батудан басқа амал қалмай тұр.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

