Қарағанды футболының жаңа дәуірі
Қарағанды облысында футбол инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Алдағы бірнеше жыл ішінде өңірде жаңа спорт нысандары салынып, қолданыстағы стадиондар күрделі жөндеуден өтеді. Сондай-ақ халықаралық талаптарға сай заманауи футбол академиясы ашылып, жас спортшыларды даярлаудың жаңа жүйесі қалыптаспақ. Бұл бастамалар Freedom компаниясы мен Қарағанды облысы әкімдігі арасында жасалған меморандум аясында жүзеге асырылады. Жобаның негізгі мақсаты – өңірдегі бұқаралық және кәсіби футболды дамыту, балалар мен жасөспірімдерге сапалы жаттығу жағдайларын жасау және Қарағанды футболының бұрынғы даңқын қайта жаңғырту.
Қарағанды футболының тарихында «Шахтёр» клубының орны ерекше. Кезінде Қазақстан чемпионатының жүлдегері атанып, ел футболының көшбасшыларының бірі болған клуб көптеген талантты ойыншыларды тәрбиеледі. Сондықтан өңір тұрғындары жаңа жобалардан үлкен үміт күтіп отыр. Жоспарға сәйкес, Қарағанды қаласындағы «Шахтёр» стадионы толық жаңғыртудан өтеді. Құрылыс және қайта жаңарту жұмыстары 2026 жылдың күзінде аяқталады деп күтілуде. Жаңартылған спорт нысаны заманауи талаптарға сәйкес жабдықталып, кәсіби матчтар өткізуге қолайлы жағдай жасалады. Сонымен қатар өңірде жаңа буындағы футбол академиясының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Академияның пайдалануға берілу мерзімі 2027 жылға жоспарланған. Бұл кешен тек футбол мектебі ғана емес, болашақ кәсіби ойыншыларды даярлайтын ірі спорттық орталыққа айналмақ.
Жоба аясында 3 500 орындық стадион, бірнеше жаттығу алаңы, жабық футбол манежі, әкімшілік ғимарат және жас спортшыларға арналған интернат салынады. Мұндай инфрақұрылым балалардың спортпен тұрақты айналысуына және кәсіби деңгейде дайындалуына мүмкіндік береді.
QOFA даму жобаларының жетекшісі Игорь Агафоновтың айтуынша, қазіргі уақытта құрылыс алаңында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде нысанның іргетасы құйылып, әкімшілік-тұрмыстық кешен мен интернат ғимаратының бірнеше қабаты бой көтерген. Биыл негізгі стадион мен толық өлшемді футбол алаңының құрылысын бастау жоспарланған.
Футболды дамыту стратегиясының маңызды бөлігінің бірі – жабық манеждер желісін қалыптастыру. Қарағанды өңірінің климаттық ерекшеліктерін ескерсек, қыс мезгілінде де жаттығуды тоқтатпау үшін мұндай нысандардың маңызы зор. Алғашқы жабық манеж «Шахтёр» стадионы аумағында салынады. Кейін осындай кешендер облыстың тағы бес қаласында ашылады деп жоспарланып отыр.
Футбол инфрақұрылымын жаңарту тек облыс орталығымен шектелмейді. Маусым айында Қарағандыдағы «Локомотив» стадионы мен Абай қаласындағы «Жігер» стадионында қайта жаңарту жұмыстары басталады. Жаңартылған нысандар жергілікті командалардың дайындық сапасын арттырып, бұқаралық спортты дамытуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Саран қаласындағы №17 гимназия аумағында халықаралық FIFA Quality стандартына сәйкес келетін жаңа футбол алаңы салынады. Мұндай заманауи алаңдар Балқаш, Теміртау, Шахтинск және өңірдің басқа да елді мекендерінде бой көтермек. Соңғы жылдары Қарағанды облысында балалар мен жасөспірімдер футболына қызығушылық артып келеді. Мыңдаған бала спорт мектептері мен секцияларда жаттығып жүр. Алайда мамандардың айтуынша, қазіргі инфрақұрылым барлық қажеттілікті толық қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан жаңа стадиондар мен жаттығу алаңдарының салынуы осы мәселені шешуге көмектеседі.
Алдағы жылдары жүзеге асырылатын бұл бастамалар Қарағанды облысын еліміздегі футбол орталықтарының біріне айналдыруға бағытталған. Жаңа стадиондар, жабық манеждер және халықаралық талаптарға сай академия өңір спортының дамуына тың серпін беріп, мыңдаған жасқа футболмен кәсіби деңгейде айналысуға жол ашпақ.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

