Ардагерлердің басын қосқан турнир
Қарағанды облысында жаяу футболдан тұңғыш рет «Қарағанды аңыздары» атты аймақтық турнир ұйымдастырылды. Қазақстан футбол федерациясы мен Қарағанды облыстық футбол ассоциациясының бастамасымен өткен жарысқа өңірдің футбол ардагерлерінен құралған сегіз команда қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Соңғы жылдары әлемнің көптеген елдерінде кеңінен дамып келе жатқан жаяу футбол – егде жастағы азаматтардың денсаулығын нығайтып, белсенді өмір салтын сақтауға бағытталған спорт түрі. Бұл ойын классикалық футболға ұқсас болғанымен, қатысушылардың қауіпсіздігіне басымдық беретін арнайы ережелерімен ерекшеленеді. Атап айтқанда, ойыншыларға алаңда жүгіруге, допты жоғары көтеріп тебуге, сондай-ақ қарсыласпен күш қолданып қақтығысуға рұқсат етілмейді. Мұндай талаптар жарақат алу қаупін азайтып, ардагер спортшылардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік береді.
Турнирге қазақ футболының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар танымал ардагерлер қатысты. Олардың қатарында Асқар Әбілдаев, Евгений Лунев және Әміржан Мұқанов секілді футбол майталмандары бар. Жарыс барысында олар өз тәжірибелері мен шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, жас буынға спортқа деген адалдықтың үлгісін танытты.
Турнирдің «Үздік жартылай қорғаушысы» атанған Әміржан Мұқанов бұл бастаманың маңыздылығына тоқталды:
– Мұндай форматтағы жарысқа алғаш рет қатысып отырмын. Алғашқы сәтте ойынның ерекшеліктеріне бейімделу оңай болған жоқ. Әсіресе, жылдам қозғалысқа үйренген футболшы үшін жаяу футбол таңсық көрінеді. Дегенмен уақыт өте келе ойынның өзіне тән қызығы бар екенін түсінесің. Ең бастысы – бұл жарыс бұрын бірге доп тепкен достарды қайта қауыштырып, ардагерлердің басын қосты. Сондықтан мұндай турнирлердің келешегі зор деп ойлаймын, – деді ол.
Жарыс барысында командалар жоғары деңгейдегі тартысты ойын өрнегін көрсетті. Әр кездесуде тәжірибе мен тактикалық шеберлік алдыңғы орынға шықты. Ардагерлердің футболға деген сүйіспеншілігі мен жеңіске деген құлшынысы жанкүйерлердің ерекше ықыласына бөленді. Турнир қорытындысы бойынша бас жүлдені «Шахта Костенко» командасы жеңіп алды. Екінші орынды «ЧЧ» командасы иеленсе, үшінші орынға «Тарлан» командасы тұрақтады.
Сонымен қатар жарыс соңында үздік ойын көрсеткен футболшылар арнайы аталымдармен марапатталды. Сәкен Ахметов «Үздік қақпашы» атанса, Айбек Жұмабеков «Үздік қорғаушы» номинациясына ие болды. Әміржан Мұқанов «Үздік жартылай қорғаушы» деп танылса, Игорь Куликов «Турнирдің үздік ойыншысы» атағын жеңіп алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаяу футбол турнирін тұрақты түрде өткізу жоспарланып отыр. Бұл бастама ардагер спортшылардың белсенді өмір салтын ұстануына, денсаулығын нығайтуына және футбол қауымдастығы арасындағы байланысты одан әрі дамытуға ықпал етпек.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

