Бірыңғай QR: төлем жасаудың жаңа дәуірі
Қазақстанда қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жүйесінде маңызды өзгеріс болғалы тұр. 19 шілдеден бастап елімізде банкаралық бірыңғай QR-төлем жүйесі іске қосылады. Бұл туралы Сенат отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
Осы уақытқа дейін тұтынушылар белгілі бір банктің қосымшасы арқылы тек сол банктің терминалдарында ғана QR-кодпен төлем жасай алатын. Енді мұндай шектеу жойылады. Азаматтар кез келген банк шығарған QR-кодты пайдаланып, жүйеге қосылған кез келген екінші деңгейлі банктегі шотынан төлем жүргізе алады.
Ұлттық банктің мәліметінше, жаңа жүйе төлемдерді анағұрлым ыңғайлы, жылдам әрі қауіпсіз етеді. Соңғы жылдары екінші деңгейлі банктер өздерінің цифрлық инфрақұрылымы мен қауіпсіздік жүйелерін дамытуға қомақты инвестиция салды. Ендігі міндет – осы технологияларды біртұтас қорғалған желіге біріктіру болатын. Бұл жұмыс бірнеше кезеңде жүргізіліп, бүгінде толық аяқталған.
Бірыңғай QR-код жүйесінің енгізілуі азаматтардың күнделікті төлем жасауын жеңілдетіп қана қоймай, кәсіпкерлер үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады. Енді сауда орындары әртүрлі банктердің бірнеше QR-кодын орналастырудың немесе белгілі бір банк терминалына тәуелді болудың қажеті болмайды. Бір ғана QR-код арқылы барлық қатысушы банктердің клиенттеріне қызмет көрсету мүмкіндігі пайда болады.
Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама цифрлық экономиканы дамытуға, қолма-қол ақшасыз төлем үлесін арттыруға және қаржы нарығындағы бәсекелестікті күшейтуге ықпал етеді. Сонымен қатар төлем қызметтерінің қолжетімділігі артып, шағын және орта бизнес үшін есеп айырысу үдерісі айтарлықтай жеңілдейді.
19 шілдеден бастап қазақстандықтар үшін төлем жасаудың жаңа кезеңі басталмақ. Бірыңғай QR-код жүйесі қаржы қызметтерін біріктіріп, азаматтарға кез келген банктің қосымшасы арқылы еркін әрі ыңғайлы төлем жасауға жол ашады.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

