Мұғалім мәртебесін күшейткен заң
Мемлекет басшысы педагог мәртебесі, білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заңдарға қол қойды. Құжаттар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуді көздейді.
Жаңа заңға сәйкес, мұғалімдер мен мектеп директорларының жауапкершілік аясы нақты айқындалды. Енді олар балалардың қауіпсіздігіне тек оқу процесі кезінде ғана жауап береді. Ал сабақтан тыс уақытта, демалыс және каникул кезеңдерінде орын алған төтенше жағдайлар үшін жауапкершілік ата-аналарға немесе заңды өкілдерге жүктеледі.
Құжат педагогтерді артық бюрократиялық жүктемеден қорғауға да бағытталған. Мұғалімдерден заңнамада көзделмеген есептер мен мәліметтерді талап етуге тыйым салынады. Сондай-ақ құжаттарды қағаз және электронды түрде қатар толтырып, телқұжат жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді.
Заңда мектептерде ұялы телефондарды пайдалану тәртібі де нақтыланды. Оқу-ағарту министрлігі осы бағытта бірыңғай ережелерді бекіту құқығына ие болады. Жаңа талаптарға сәйкес, сабақ кезінде ұялы телефондар дыбыссыз режимде болуы тиіс және мұғалімнің рұқсатынсыз пайдаланылмайды. Бақылау жұмыстары мен емтихандар кезінде телефон қолдануға толықтай тыйым салынады. Тек цифрлық платформалар мен оқу жобалары сияқты білім беру мақсаттары үшін ғана ерекшелік қарастырылған.
Заңдағы өзгерістер педагог мәртебесін нығайтуға, білім беру ұйымдарындағы жауапкершілік шекарасын нақтылауға және оқу процесін тиімді ұйымдастыруға бағытталған.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

