Туған өлкені түлеткен жас буын
Қарағанды қаласында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының 22-еңбек маусымы салтанатты түрде ашылды. Биылғы маусым «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасының мақсаттарымен үндесіп, туған өлкені көркейтуге, қоршаған ортаны қорғауға және жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталып отыр.
Жаз мезгілінде екі мыңға жуық қарағандылық жас қаланың саябақтары мен гүлзарларын күтіп-баптауға, қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға және көгалдандыру жұмыстарына қатысады. Бұл – уақытша жұмыспен қамту ғана емес, жастарды еңбекке баулитын, туған жерге деген жанашырлық пен жауапкершілікті қалыптастыратын маңызды мектеп.
– Таза қала – тұрғындардың ортақ еңбегінің нәтижесі. Ал жастардың бұл іске белсенді араласуы олардың азаматтық жауапкершілігі мен туған өлкеге деген сүйіспеншілігін көрсетеді, – дейді ұйымдастырушылар.
Биылғы еңбек маусымының басты ерекшелігі – инклюзивті бағыттың толыққанды жобаға айналуы. Құрамында 40 жас бар алғашқы инклюзивті жасақ «Жасыл ел» қатарына қосылып, еңбек маусымына белсенді қатысуда. Бұл бастама әрбір жасқа өз мүмкіндігін жүзеге асыруға, алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға және қоғамдық өмірге араласуға тең мүмкіндік беріп отыр.
Жыл сайын мыңдаған жастың басын қосатын «Жасыл ел» бағдарламасы бүгінде еңбек пен экологиялық мәдениеттің үлкен мектебіне айналды. Биыл да экопатрульдер қала саябақтары, гүлзарлар мен аулалардың тазалығын қадағалап, қоғамдық орындардағы санитарлық жағдайға мониторинг жүргізеді. Сонымен қатар тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
– Табиғатты қорғау – бір күндік акция емес, ол әр азаматтың өмірлік ұстанымына айналуы тиіс. «Жасыл ел» осы құндылықты жастардың бойына сіңіретін маңызды жоба болып отыр, – дейді сала мамандары.
Еңбек маусымы аясында «Таза Қазақстан» бастамасын насихаттайтын экологиялық акциялар, сенбіліктер, ағартушылық кездесулер мен танымдық шаралар ұйымдастырылады. Бұл іс-шаралар жастардың қоршаған ортаға жанашыр көзқарасын қалыптастырып, табиғатты қорғау мәдениетін кеңінен дәріптеуге бағытталған.
Жасақ құрамына қабылдау биыл да ашық әрі әділ форматта өтті. Конкурстық іріктеу кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан жастарға басымдық берілді. Қатысушылар арнайы электронды платформа арқылы тіркеліп, жұмыс уақытының есебі QR-код жүйесі арқылы жүргізіледі. Бұл еңбек процесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, қатысушылардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.
Жаңа маусымның ашылу салтанаты Қарағанды қаласының Орталық саябағында өтті. Мерекелік кеште қазақстандық танымал өнерпаздар өнер көрсетіп, жастарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұл шара олардың жаңа еңбек маусымына деген ынта-жігерін арттыра түсті.
Бүгінде «Жасыл ел» – жай ғана маусымдық жұмыс емес. Бұл – экологиялық мәдениетті қалыптастыратын, жастарды еңбекке тәрбиелейтін және қоғамды ортақ іске жұмылдыратын маңызды қоғамдық қозғалыс. Қарағанды жастарының белсенділігі мен еңбегі «Таза Қазақстан» бағдарламасының мақсаттарын жүзеге асырып қана қоймай, туған қаланың көркеюіне де елеулі үлес қосып келеді.
Аяна СЕРІКҚЫЗЫ,
«QH»

