Жас сарбаздар әскери ант қабылдады

Қарағанды гарнизонының әскери бөлімдерінде мерзімді әскери қызметке шақырылған жас сарбаздардың Әскери ант қабылдау рәсімі салтанатты түрде өтті. Әрбір жауынгер үшін бұл күн – Отан алдындағы қасиетті борышын өтеу жолындағы маңызды белес.

«Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты 85510 әскери бөлімінде 25 жас сарбаз Әскери ант қабылдады. Салтанатты іс-шараға бөлім басшылығы, әскери қызметшілер, ардагерлер мен қонақтар қатысты. Жас жауынгерлерді қолдап, олардың өміріндегі маңызды сәтке куә болу үшін ата-аналары мен жақындары арнайы келді. Іс-шара барысында егіз ағайынды Арнұр мен Ернұр Қауановтардың бірге әскери қызмет атқаруға шешім қабылдағаны көпшіліктің назарын аударды. Олардың айтуынша, бір бөлімде қызмет ету өзара қолдау көрсетіп, әскери тәртіпке тез бейімделуге мүмкіндік береді.

– Біз ұлдарымызды әрдайым жауапкершілікке, адалдыққа және бір-біріне сүйеу болуға тәрбиеледік. Бүгін олардың бірге ант қабылдап, ел қорғаушысы атанғанын көру – мен үшін зор мақтаныш. Бұл күн отбасымыз үшін аса толғанысты әрі ұмытылмас сәт болып қала береді, – деді егіздердің анасы  Шәмила Күкеева.

Сол күні Қарағанды гарнизонының 55524 әскери бөлімінде де 30 жас сарбаз Әскери ант қабылдады. Ұзақ үзілістен кейін бөлім қатарының жас жауынгерлермен толығуы бұл рәсімнің маңызын одан әрі арттыра түсті. Жас сарбаздар Отанға адал қызмет етуге, әскери борышын абыроймен атқаруға және мемлекеттің мүддесін қорғауға дайын екендіктерін ант сөздері арқылы білдірді. Әскери ант – әрбір әскери қызметшінің өміріндегі ең маңызды әрі есте қаларлық оқиғалардың бірі. Ол жауынгерлік жолдың басталуын, Отанға деген адалдық пен жауапкершілікті айшықтайтын қасиетті рәсім болып саналады.