Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқы залына енгізілді

АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында Халықаралық бокс даңқы залының (IBHOF) жаңа мүшелерін салтанатты түрде қабылдау рәсімі өтті. Қазақстан тарихында осы элиталық клубқа енген алғашқы өкіл — Геннадий Головкин болды. Оның спорттағы зор жетістіктері өзін аңызға айналған спортшы әрі өз дәуірінің ең үздік боксшыларының бірі ретінде мойындатты.

Головкин Даңқ залына алғашқы мүмкіндіктен-ақ қабылданды. Бұл кәсіби бокс әлеміндегі ең жоғары құрметтің бірі саналады. Енді қазақстандық боксшының есімі осы спорт түрінің ұлы тұлғалары – Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер және Мэнни Пакьяо сынды саңлақтармен бір қатарда тұр.

Спорттық еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі ретінде Геннадий Головкин Даңқ залы музейіне өзінің әйгілі чемпиондық шапанын табыстады. Ол бұл шапанды көптеген жекпе-жектерде киіп шыққан және ол боксшының жарқын мансабының ажырамас нышанына айналған.

Головкинмен бірге «2026 жылғы классқа» Men’s Modern санатында америкалық Антонио Тарвер мен Ұлыбритания өкілі Найджел Бенн, сондай-ақ Women’s Modern санатында жапониялық Наоко Фудзиока және мексикалық Джеки Нава енгізілді.

Әуесқой бокста Геннадий Головкин 350 жекпе-жектің 345-інде жеңіске жетіп, ұзақ жылдар бойы Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысы болды және ел намысын ең ірі халықаралық турнирлерде абыроймен қорғады.

Кәсіпқой боксқа ауысқаннан кейін Геннадий Головкин XXI ғасырдағы орта салмақтағы ең үстем чемпиондардың біріне айналды. Ол кәсіби мансабында 45 жекпе-жек өткізіп, 42 жеңіске қол жеткізді, оның 37-сін нокаутпен аяқтады. Қарағандылық былғары қолғап шебері WBA, WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеулерді, сондай-ақ The Ring чемпиондық атағын иеленді. Сонымен қатар ол ұзақ уақыт бойы салмақ дәрежесіне қарамастан әлемнің үздік боксшылары қатарынан түспеді.

HBO телеарнасымен келісімшартқа қол қою оған әлемдік деңгейдегі танымалдыққа жол ашты. Агрессивті мәнер, көрерменді тәнті ететін жекпе-жектер және жойқын соққы күші Головкинді әлемдік бокстың ең жарқын жұлдыздарының біріне әрі миллиондаған жанкүйердің сүйіктісіне айналдырды.

Мансабы барысында ол бірқатар айтулы жетістіктерге қол жеткізді. Тоғыз жыл бойы қатарынан тіркелген 23 нокауттық жеңіс орта салмақ дәрежесі үшін рекорд болды. Оның еншісінде чемпиондық титулдарды 21 мәрте сәтті қорғау көрсеткіші бар. Ал мерзімінен бұрын аяқталған жеңістер үлесінің 90 пайыздан асуы әлем чемпиондары арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді.

Бүгінде Геннадий Головкин Қазақстанның намысын рингтен тыс жерде де қорғап келеді. Ол Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті мен World Boxing ұйымдарын басқарады. Осылайша ол халықаралық спорт федерациясының президенті болып сайланған Қазақстанның алғашқы өкілі атанды.

Халықаралық бокс даңқы залы 1989 жылы Канастота қаласында Эд Брофи негізін қалаған ұйым болып саналады және кәсіби бокстағы жетістіктерді мойындайтын әлемдегі басты институттардың бірі ретінде танылған. Ұйым осы спорт түрінің тарихын сақтаумен айналысады. Бүгінде оның мүшелерінің саны 300 адамнан асады.

Геннадий Головкиннің IBHOF қатарына қабылдануы оның жеке жетістіктерінің мойындалуы ғана емес, сонымен бірге бүкіл қазақстандық спорт үшін тарихи оқиға болды.

Olympic.kz ақпараты негізінде