Қауіпсіз жағажай – қауіпсіз демалыс
Қарағандыда шомылу маусымы ресми түрде ашылды. Жаздың аптап ыстығында тұрғындардың сүйікті демалыс орындарының бірі саналатын Федоров су қоймасындағы коммуналдық жағажай келушілерді қабылдауға дайын. Дегенмен мамандар демалыстың қызығына беріліп, қауіпсіздік талаптарын естен шығармауға шақырады.
Бүгінде Федоров су қоймасындағы коммуналдық жағажай – қала аумағындағы шомылуға ресми түрде рұқсат берілген жалғыз орын. Мұнда тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы демалуы үшін барлық қажетті жағдай жасалған.
Жағажай маусым басталар алдында толықтай жаңартылып, абаттандырылды. Су түбін тазалау, жағалауды ретке келтіру, жаңа құм төсеу, буйлар орнату жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар демалушылар үшін күркелер, мангал аймақтары, киім ауыстыратын орындар мен бақылау мұнаралары жаңартылған.
Саябақтар басқармасының техникалық қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі инженері Сағат Дүйсенбековтің айтуынша, жағажайды күтіп ұстау үшін жыл сайын ауқымды жұмыстар атқарылады.
– Біз жыл сайын жағажай аумағын толық тазалап, құм төсейміз, демалыс орындарын жаңартамыз. Алайда кейбір тұрғындар тазалық сақтау мәдениетіне жеткілікті мән бермейді. Қоқысты арнайы орындарға тастамай, демалған жерін ластап кететін жағдайлар кездеседі. Сондықтан әр азамат қоғамдық орындарға ұқыптылықпен қарауы керек, – дейді маман.
Жаз мезгілінде жағажайға келушілер саны бірнеше есеге артады. Әсіресе демалыс күндері мен кешкі уақытта мұнда адам қарасы көп болады. Сондықтан қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінген.
Жағажай аумағында кәсіби құтқарушылар тәулік бойы кезекшілік атқарады. Демалушылар көп жиналатын уақытта медицина қызметкерлері де қызмет көрсетеді. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті сақтау үшін полиция қызметкерлері жұмыс істейді.
Тұрғындардың айтуынша, соңғы жылдары жағажайдың жағдайы айтарлықтай жақсарған.
– Мұнда демалуға барлық жағдай жасалған. Күркелер, демалыс орындары, қауіпсіздік қызметі бар. Балалармен келуге қолайлы, – дейді қала тұрғындары.
Дегенмен мамандар судағы қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын ерекше атап өтеді. Қарағанды қалалық төтенше жағдайлар басқармасының мәліметінше, арнайы жабдықталмаған су айдындарында шомылу адам өміріне үлкен қауіп төндіреді.
Құтқарушылардың айтуынша, кейбір демалушылар қауіпсіздік үшін қойылған буйлардан асып жүзіп, өз өмірлеріне қауіп төндіреді. Мұндай жағдайда мамандар ескерту жасап, адамдарды қауіпсіз аймаққа қайтаруға мәжбүр болады.
Суға түсу кезінде әрбір адам мынадай қарапайым ережелерді есте сақтауы тиіс:
- тек рұқсат етілген жағажайларда шомылу;
- буйлардан асып жүзбеу;
- мас күйде суға түспеу;
- балаларды қараусыз қалдырмау;
- қатты қызғаннан кейін бірден терең суға секірмеу;
- құтқарушылардың талаптарын қатаң сақтау.
Төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері жабдықталмаған су айдындарында шомылған азаматтарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Сонымен қатар балаларын қараусыз қалдырып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген ата-аналар да жауапқа тартылуы мүмкін.
Жазғы демалыстың қызықты әрі есте қаларлық болуы әр адамның өзіне байланысты. Сондықтан мамандар қауіпсіздік талаптарын сақтап, тек арнайы жабдықталған орындарда ғана демалуға шақырады. Өйткені судағы бір сәттік салғырттық орны толмас қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

