Қарағандылық чемпион ел рекордын жаңартты

Талдықорған қаласында жүзуден ел біріншілігінің жазғы чемпионаты өтіп, жарыс барысында қарағандылық спортшы Ксения Игнатова ел рекордын жаңартты. Дүбірлі додаға Қазақстанның 17 өңірінен келген құрамалармен қатар Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген спортшылар қатысып, барлығы 372 жүзуші өзара мықтыны анықтады.

Чемпионат халықаралық деңгейдегі маңызды жарыстардың бірі. Биылғы бәсеке World Aquatics халықаралық күнтізбесіне енгізіліп, алдағы әлемдік және құрлықтық додаларға іріктеу кезеңі ретінде өткізілді. Жарыстың алғашқы күнінде-ақ елдің екі жаңа рекорды тіркелді. Алдымен Ақтөбе облысының спортшысы Глеб Коваленя 50 метрге еркін жүзу сайысында Қазақстанның үздік нәтижесін жаңартты. Кейін Қарағанды облысының жоғары спорт шеберлігі мектебінің өкілі Ксения Игнатова 200 метрге кешенді жүзуде жоғары нәтиже көрсетіп, жаңа рекорд иесі атанды.

Спортшы аталған қашықтықты 2 минут 17,40 секундта жүзіп өтіп, Қазақстан тарихындағы ең үздік көрсеткішті тіркеді. Бұған қоса, Ксения арқамен жүзу бағдарламасында да қарсыластарына мүмкіндік бермеді. Ол 50, 100 және 200 метрлік қашықтықтардың барлығында алтын медаль жеңіп алды.

Қарағандылық спортшыны жаттықтырып жүрген бапкер — Станислав Осинский. Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары Ксения тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келеді және ұлттық құрама сапындағы негізгі спортшылардың біріне айналып үлгерген.

– Бұл рекордты жаңартуға көптен бері талпынып жүрдім, бірақ сәті түспей келді. Бұл жолы дұрыс дайындық, өз-өзіме деген сенім, сондай-ақ бапкерлер мен жанкүйерлердің қолдауы көмектесті. Негізгі мақсатым ұлттық құрамаға ену еді, оны орындадым. Енді Азия ойындарына дайындалып, бар мүмкіндігімізді көрсетуге күш саламыз, – дейді Ксения Игнатова.

Талдықорғанда өткен чемпионат спортшылар үшін аса маңызды рейтингтік турнир. Жарыс нәтижелері 2026 жылдың желтоқсанында Қытайда өтетін қысқа бассейндегі әлем чемпионатына жолдама алуға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл дода күзде Сенегалда ұйымдастырылатын жасөспірімдер Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңдерінің бірі.

Мамандардың пікірінше, мұндай халықаралық деңгейдегі турнирлер қазақстандық жүзушілердің тәжірибесін арттырып, әлемдік аренада бәсекеге қабілетті спортшыларды дайындауға мүмкіндік береді. Ал Қарағанды облысының спортшылары соңғы жылдары ел чемпионаттарында тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Ксения Игнатованың жаңа рекорды өңір спорты үшін маңызды жетістік. Бұл нәтиже оның алдағы халықаралық жарыстарда да жоғары деңгейде өнер көрсетуге әлеуеті бар екенін дәлелдейді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»