Квест арқылы заң мен тәртіпке баулу

Қарағандыда жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған жаңа форматтағы жоба бастау алды. «Қаладағы заң мен тәртіп» атты квест-ойын жастарға құқық қорғау органдарының жұмысымен жақынырақ танысуға, заң талаптарын меңгеруге және азаматтық жауапкершілікті сезінуге мүмкіндік берді.

Ерекше форматтағы шара Қарағанды қалалық полиция басқармасында өтті. Оны Қарағанды қаласының әкімдігі, қалалық ішкі саясат бөлімі және Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Жобаға 16 мен 25 жас аралығындағы жастар, еріктілер, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының мүшелері, аула клубтарының тәрбиеленушілері және белсенді жастар қатысты.

Бүгінде жастар тәрбиесі мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі саналады. Осы тұрғыдан алғанда Қарағанды қаласы әкімдігінің бастамасымен қолға алынған мұндай жобалардың маңызы ерекше. Себебі жастар заң талаптарын тек кітаптан оқып қана қоймай, мемлекеттік құрылымдардың жұмысын өз көздерімен көріп, олардың қызметімен тәжірибе жүзінде танысады.

Жобаның басты мақсаты – жастар арасында құқықтық нигилизмнің алдын алу, заңға құрметті қалыптастыру және қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңызын түсіндіру. Квест барысында қатысушылар түрлі мемлекеттік мекемелерге барып, олардың қызметімен танысып, арнайы тапсырмаларды орындап, білімдерін сынайды.

Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанованың айтуынша, жоба бірнеше кезеңнен тұрады.

– Қатысушылар станциядан станцияға ауысып отырып, түрлі мекемелердің жұмысымен танысады. Жоба қорытындысы Республика күні қарсаңында шығарылады. Сонымен қатар жастар өздері ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізіп, белсенділіктерін көрсетеді. Бүгінде жобаға жүзден астам команда тіркелген. Бұл – қаламыздағы жастар арасында құқықтық мәдениетті дамытуға бағытталған ауқымды бастама, – деді ол.

Квесттің полиция басқармасынан басталуы да кездейсоқ емес. Мұнда жастар әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтардың айырмашылығын, олардың жауапкершілік деңгейін, сондай-ақ заң бұзудың салдарын білді.

Әсіресе буллинг, бопсалау, интернет-алаяқтық, киберқылмыс және есірткі қылмыстары сияқты қазіргі қоғамда өзекті болып отырған мәселелерге ерекше назар аударылды. Полиция қызметкерлері жастарға құқық бұзушылықтардың алдын алу жолдарын түсіндіріп, қауіпсіздік ережелері жөнінде ақпарат берді.

Қатысушылар полицияның күнделікті қызметімен де танысты. Олар арнайы техникаларды көріп, полиция мотоциклдеріне отырып, қызметтік құрал-жабдықтарды тамашалады. Сондай-ақ кинологтардың жұмысын бақылап, қызметтік иттердің кәсіби дайындығына куә болды.

Қарағанды қалалық полиция басқармасының Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің аға жедел уәкілі Ольга Мельникованың айтуынша, мұндай кездесулер жастардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттырады.

– Біз жастарға полиция қызметінің қалай жүзеге асатынын көрсетіп қана қоймай, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарымызды таныстырамыз. Қазіргі таңда Бүкіләлемдік есірткіге қарсы күрес күніне арналған бір айлық акция да өткізіліп жатыр, – деді ол.

Квестке қатысқан жастар да шарадан алған әсерлерімен бөлісті. Еріктілер командасының мүшесі Рината Хасянова полиция қызметкерлерінің жұмысы мен кинологтардың кәсіби шеберлігі ерекше әсер қалдырғанын айтты. Ал аула клубының мүшелері мұндай кездесулердің болашақ мамандық таңдауға да көмектесетінін жеткізді.

Шара полиция бөліміндегі танымдық экскурсиямен ғана шектелген жоқ. Қатысушылар қала көшелеріндегі заңсыз граффитилерді бояу жұмыстарына қатысып, қоғамдық ортаға деген жауапкершіліктің маңызын іс жүзінде көрсетті.

Жобаның келесі кезеңдері төтенше жағдайлар департаментінде, жедел жәрдем станциясында, прокуратурада және басқа да мемлекеттік мекемелерде жалғасады.

Мамандардың пікірінше, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған мұндай жобалар заңға құрметті қалыптастырып қана қоймай, мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтады. Ең бастысы – жастардың қоғамдағы өз орны мен жауапкершілігін терең түсінуіне ықпал етеді.

Сондықтан Қарағанды қаласы әкімдігі қолға алған «Қаладағы заң мен тәртіп» жобасы жастарды тәрбиелеу мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру жолындағы маңызды әрі тиімді бастамалардың бірі деуге толық негіз бар.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»