Балқаш туристерді қарсы алуға дайын

Балқаш көлі жағалауындағы туристік маусымның басты оқиғасына айналған «Balkhash Tour Fest» фестивалі биыл да ауқымды деңгейде өтпек. Жыл сайын мыңдаған демалушыны жинайтын шараға дайындық басталып кетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл фестивальдің мүмкіндіктері кеңейіп, демалушылар үшін жаңа демалыс орындары мен ойын-сауық алаңдары ұсынылады.

Фестиваль 19-20 маусым күндері Ақшағыл кентіндегі Рембаза ауданында өтеді. Биылғы жаңалықтың бірі – фестиваль аумағы тек екі күндік мерекемен шектелмейді. Арнайы жабдықталған демалыс алаңы жаз бойы туристер мен жергілікті тұрғындарға қызмет көрсететін болады.

Туризм саласы мамандарының пікірінше, соңғы жылдары «Balkhash Tour Fest» өңірдің ғана емес, республикалық деңгейдегі маңызды туристік жобаларының біріне айналды. Былтыр фестивальге 50 мыңға жуық адам қатысқан болса, биыл келушілер саны бұдан да көп болады деп күтілуде.

Қарағанды облысының туризм басқармасы фестивальдің республикалық маңызы бар оқиғалар күнтізбесіне енгізілгенін атап өтті. Бұл жоба бүгінде еліміздің түрлі өңірлерінде ғана емес, жақын және алыс шетелдерде де танымал бола бастаған.

Туристердің сұранысын ескере отырып, ұйымдастырушылар фестиваль аумағын толыққанды демалыс орталығына айналдыруды қолға алған. Енді жаз мезгілінде әр сенбі мен жексенбі сайын арнайы мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылып, Балқаш қаласының мәдени нысандарында да түрлі бағдарламалар өтеді.

Биыл фестиваль төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Шара барысында қазақстандық эстрада жұлдыздары Мирас Жүгінісов, AYAU, Bellucci, Domino, Nurlan & Murat және Qazaq Band өнер көрсетеді деп жоспарланған.

Фестиваль аумағында қонақтарға барлық қолайлы жағдай жасалмақ. Мұнда автотұрақтар, шатырлы қалашық, қырыққа жуық фудкорт, арнайы кәуап көшесі, қолөнершілер жәрмеңкесі, мейрамхана, фотозоналар мен ашық аспан астындағы кинотеатр жұмыс істейді. Сонымен қатар экологиялық мәдениетті насихаттау мақсатында пластик қалдықтарын қайта өңдейтін арнайы құрылғылар орнатылады.

Ұйымдастырушылар әзірлеген бағдарлама да мазмұнды. Қонақтарды көбікті кештер, су таксиі, «PikeMan» жарысы, жасанды интеллект пен крафт ойындары алаңы, балаларға арналған арнайы анимациялық бағдарламалар күтеді. Бұдан бөлек жағажай волейболы, армрестлинг, гидроспорт, регата және желкенді спорт бойынша шеберлік сабақтары өткізіледі.

Спорттық жарыстар қатарында стритбол, панна-футбол және жастар арасында кеңінен танымал «Dance Metal» турнирі де бар. Биыл ерекше жаңалық ретінде осы жарыстың жеңімпаздарының бірі шетелге барып, халықаралық көше билері фестивалінде Қазақстанның намысын қорғайтын болады.

Балқаш қаласы мен Торанғалық, Шұбар түбек демалыс аймақтарында да дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Туристер ағынының артуына байланысты жаңа демалыс орындары салынуда. Мемлекет тарапынан инвесторларға жер телімдерінің берілуі өңірдегі туристік инфрақұрылымның дамуына серпін беріп отыр.

Сонымен қатар қала жағалауын абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Биыл жағажай аумағындағы су түбін тазарту және жаңа құм төсеу жоспарланған. Бұл демалушылар үшін қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары Балқаш өңір туризмінің даму қарқыны айқын байқалады. Табиғаты ерекше көл жағалауы, заманауи инфрақұрылым және ауқымды мәдени-спорттық шаралар өңірдің туристік әлеуетін арттырып келеді. Ал «Balkhash Tour Fest» фестивалі осы мүмкіндіктерді біріктіріп, Балқашты еліміздің ең тартымды туристік бағыттарының біріне айналдыруға ықпал етіп отыр.

Биылғы фестиваль де жазғы маусымның ең жарқын оқиғаларының бірі болып, Балқашқа келетін мыңдаған туристің басын қосады деп күтілуде.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»