Жастар жоғары нәтижеге ұмтылуда
Қазақстанда 2026 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу науқаны басталды. Биылғы тестілеу 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтеді. ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген талапкерлердің басым бөлігі – 74 пайызы қазақ тілін таңдаса, 26 пайызы орыс тілінде тест тапсыруға ниет білдірген. Сонымен қатар 851 талапкер ағылшын тілінде білімін сынамақ.
Биыл да ҰБТ форматы өзгеріссіз қалып отыр. Талапкерлер үш міндетті және екі бейіндік пәннен тест тапсырады. Жалпы тапсырмалар саны – 120, ал ең жоғары көрсеткіш – 140 балл. Соңғы жылдары ең танымал пәндер комбинациясы ретінде «Математика–Физика» бағыты көш бастап келеді. Бұл елімізде техникалық және инженерлік мамандықтарға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар «Биология–Химия» және шығармашылық бағыттар да талапкерлер арасында сұранысқа ие. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда мектеп түлектері ҰБТ-ға бұрынғыдан да тыңғылықты дайындалуда. Ұлттық тестілеу орталығы ұсынған тақырыптық талдаулар мен сынама тестілер оқушылардың әлсіз тұстарын анықтап, білімдерін жетілдіруге мүмкіндік беріп отыр. Қарағанды облысының педагогтері де биылғы түлектерден үлкен үміт күтеді. Солардың бірі, тәжірибелі ұстаз Жұлдыз Бекишева өңір жастарының білімге деген құлшынысын ерекше атап өтті.
– Қарағанды облысының жастары әрқашан еңбекқорлығымен, табандылығымен ерекшеленеді. Біздің түлектер жыл бойы жүйелі дайындалып, білімдерін жетілдіру үшін бар күш-жігерін жұмсады. Биылғы ҰБТ-да да олар жоғары нәтиже көрсететініне сенімдімін. Облысымыздың жастары тек білімде ғана емес, ғылымда, спортта және қоғамдық жұмыстарда да белсенділік танытып келеді. Бұл – болашаққа сеніммен қарайтын, мақсаты айқын буын. Барлық талапкерлерге сәттілік тілеймін, – дейді педагог Жұлдыз Бекишева.
Айта кетейік, тестілеу кезінде қатысушыларға калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Сонымен қатар тестілеудің ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз ету үшін аудиторияларда бейнебақылау жүргізіліп, қауіпсіздік шаралары күшейтілген. ҰБТ – әрбір талапкердің болашағына бастар маңызды қадам. Сондықтан мамандар түлектерді сабыр сақтап, өз білімдеріне сенім артуға шақырады. Ал Қарағанды облысының жастары өздерінің жоғары дайындық деңгейі мен білімге деген ұмтылысының арқасында биыл да жақсы нәтижелер көрсетеді деген сенім мол.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

