Қазақстандағы қасіретті тарих таспасы
Қарағанды өңірінің тарихы тек өндіріс пен өркендеуден ғана тұрмайды. Бұл өлке ХХ ғасырдағы ауыр кезеңдердің де куәсі. Солардың ең бір қасіретті беттерінің бірі – ҚарЛАГ тарихы. Бұл жүйе мыңдаған тағдырды талқандап, сан мың адамның өміріне өшпес із қалдырды.
ҚарЛАГ – Кеңес Одағы кезеңінде құрылған ірі еңбекпен түзеу лагерлерінің бірі болды. Оның аумағы қазіргі Қарағанды облысының кең бөлігін қамтып, мұнда еліміздің ғана емес, өзге де мемлекеттердің азаматтары күштеп әкелінді. Лагерге түскен жандар түрлі айыппен сотталып, ауыр еңбекке жегілді. Олардың қатарында зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, ұстаздар, қарапайым шаруалар да болды. Бұл кезең – сталиндік репрессиялар дәуірімен тікелей байланысты. Жаппай қуғын-сүргін жылдары көптеген жазықсыз адам «халық жауы» атанып, тағдыр тәлкегіне түсті. ҚарЛАГ сол саясаттың нақты көрінісіне айналды. Лагерьдегі өмір аса ауыр болды. Адамдар аштық пен суыққа төзіп, адам төзгісіз жағдайда еңбек етті. Соған қарамастан, олар рухани беріктігін жоғалтпауға тырысты. Кейбірі өнермен, біліммен айналысып, бір-біріне қолдау көрсетіп отырды. Бұл – адам рухының сынбас қайсарлығын көрсететін ерекше мысал. Бүгінде ҚарЛАГ тарихы – ұмытылмауы тиіс тағылым. Қарағанды өңірінде сол кезеңнің куәсі ретінде музейлер мен ескерткіштер жұмыс істейді. Олар кейінгі ұрпаққа өткеннің ауыр шындығын жеткізіп, тарихтан сабақ алуға үндейді. Өткенді ұмытпау – болашаққа дұрыс қадам жасаудың кепілі. ҚарЛАГ тарихы бізге ең алдымен адам құқығы мен еркіндіктің қадірін түсіндіреді. Сондықтан бұл тақырып тек тарих бетінде ғана қалмай, әрбір ұрпақтың жадында сақталуы тиіс.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

