Лагерьлерге лицензия: қауіпсіздік пе, әлде жаңа сын-қатер ме?

Жазғы демалыс маусымы басталар шақта балаларды сауықтыру орталықтарында қарбалас күшейді. Биыл лагерьлер тек маусымға дайындалып қана қоймай, жаңа талаптарға сәйкес лицензия алу міндетімен бетпе-бет келіп отыр. Үкімет енгізген өзгерістер балалардың қауіпсіздігін арттыруды көздегенімен, олардың орындалуы лагерьлер үшін оңай болмайын деп тұр.

Енді лицензия алу үшін балалар лагерьлері білім беру және сауықтыру бағдарламаларын әзірлеп қана қоймай, санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алуы, бейнебақылау және күзет жүйелерімен жабдықталуы тиіс. Сондай-ақ ғимараттар мен жиһаздардың белгіленген стандарттарға сәйкестігі тексеріліп, педагогикалық және медициналық кадрлардың жеткіліктілігі бағаланады.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елімізде 11 мыңнан астам жазғы лагерь жұмыс істейді. Оның 20-сы жыл бойы қызмет көрсетсе, 187-сі маусымдық лагерь санатына жатады. Қалғандары – мектеп жанындағы және мектептен тыс ұйымдар. Лицензиялау талабы киіз үй, шатырлы және мектеп жанындағы лагерьлерге қолданылмайды.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы мақсатта лагерьлерге қойылатын талаптар күшейтіліп, бақылау тетіктері жаңартылған.

– Биылғы жазда 11 135 демалыс орталығы жұмыс істеп, 3 миллион 200 мың бала демалыс және сауықтыру шараларымен қамтылатын болады. Балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі сапалы ұйымдастыру мақсатында кері байланыс және жедел көмек көрсету тетіктері күшейтілді. Жазғы демалысты ұйымдастыру жұмыстарына 120 мың педагог-ұйымдастырушы, сондай-ақ 12 мыңнан астам студент пен волонтер тартылады, – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.

Қарағанды облысында бүгінде 13 балалар сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Барлығы су сапасын зертханалық тексеруден өткізгенімен, санитарлық қорытынды алуға әзірге тек жетеуі ғана өтініш берген. Осыған байланысты облыс әкімдігі жанынан ведомствоаралық штаб құрылып, білім басқармасында жедел желі іске қосылған.

Білім басқармасының өкілдері жаңа талаптардың тосын жаңалық емес екенін айтады. Олардың сөзінше, бұл нормалар бұған дейін де қолданыста болған, алайда енді бақылау күшейтіліп отыр.

– Бұл жаңадан пайда болған талаптар емес. Олар бұған дейін де Оқу-ағарту министрлігінің 473-бұйрығында көрсетілген болатын. Әрине, қиындықтар бар. Бірақ мемлекеттік орталықтардың жұмысын бақылауға алдық. Ал жекеменшік орталықтардың талаптарға сай болуы үшін құрылтайшыларымен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатырмыз, – деп атап өтті Қарағанды облысы білім басқармасының бөлім басшысы Индира Ысқақова.

Министрлік лицензиялау жүйесін балалардың қауіпсіздігін күшейту қажеттілігімен түсіндіреді. Жаңа тәртіп бойынша рұқсат құжаты бес жыл мерзімге беріледі. Алайда кәсіпкерлер талаптардың бірқатары ескі лагерьлер үшін орындалуы қиын екенін алға тартады.

– Кеңес заманында салынған лагерлердің басым бөлігі бүгінгі талаптарға сәйкес келмейді. Егер ғимараттар жаңа стандарттарға сай болмаса, оларды қайта жөндеу немесе қайта салу қажет болады. Бұл өз кезегінде жазғы лагерьлер санының азаюына әсер етуі мүмкін, – дейді кәсіпкер, қоғам белсендісі Рустам Танишпеков.

Жаңа жүйенің тағы бір ерекшелігі – балалардың құқықтарын қорғауға арналған қосымша тетіктердің енгізілуі. Енді лагерь аумақтарында арнайы QR-кодтар орналастырылып, балалар мен ата-аналар көмек қажет болған жағдайда тікелей шағым немесе өтініш жолдай алады. Сонымен қатар, тәулік бойы жұмыс істейтін 111 байланыс орталығы қызмет көрсетеді.

Министрліктің болжамынша, биыл жазғы демалыспен 3 миллионнан астам бала қамтылады. Ал лицензиялау талаптарының күшеюі жолдама құнына әсер ете ме деген сұрақ әзірге ашық қалып отыр. Балалар лагерлерінің әкімшілігі бұл мәселе бойынша нақты шешім әлі қабылданбағанын айтады.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»