Әскери шеберлік шыңдалған дода
Қарағанды қаласында «Астана» өңірлік қолбасшылығының әскери-қолданбалы спорт түрлерінен чемпионаты өтіп, әртүрлі әскери бөлімнен жиналған үздік әскери қызметшілер бас қосты. Жарыс тартысты әрі әділ өтіп, қатысушылардың жоғары дайындық деңгейін, төзімділігін және мықты командалық рухын айқын көрсетті.
Чемпионатқа «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты 12 команда қатысты. Олар әскери бессайыс пен үшсайыс бағдарламаларына кіретін бірнеше сайыс түрінде, сондай-ақ штаттық қарудан ату бойынша өзара бақ сынасты. Жарыс бағдарламасы мазмұнға бай болып, әскери қызметшілерден барынша шоғырлануды және жоғары физикалық дайындықты талап етті. Қатысушылар 50 метр қашықтыққа жүзуден сынға түсіп, кедергілер жолағында ептілік пен күштерін көрсетті, Ф-1 гранатасын дәлдік пен қашықтыққа лақтыруда бақ сынады. Ату дайындығына ерекше көңіл бөлініп, әскери қызметшілер Калашников автоматы мен Макаров тапаншасынан оқ ату жаттығуларын орындады. Жарыстың қорытынды кезеңі ретінде 8 шақырымдық кросс ұйымдастырылып, қатысушылардың төзімділігі мен рух беріктігін айқындады. Чемпионат қорытындысы бойынша әскери бессайыс пен әскери үшсайыс бойынша жалпы командалық есепте 99275 әскери бөлімінің командасы барлық кезеңдерде тұрақты нәтиже көрсетіп, сенімді жеңіске жетті. Ал штаттық қарудан ату жарысында 31775 әскери бөлімінің әскери қызметшілері мергендігімен ерекшеленіп, үздік атанды.
– Бұл жеңіс – жүйелі дайындық пен ұжымдық үйлесімді жұмыстың нәтижесі. Әрбір әскери қызметші бар күш-жігерін салды, соның арқасында жоғары нәтижеге қол жеткіздік. Біз үшін тек бірінші орынды иелену ғана емес, сонымен қатар жауынгерлік әзірлігіміздің деңгейін дәлелдеу маңызды, – деді 99275 әскери бөлімінің өкілі, майор Нұрболат Кенжеболатов.
Осындай жарыстарды өткізу жеке құрамның жауынгерлік әзірлігін арттыруға, дене дайындығын нығайтуға және қызметтік міндеттерді орындауға қажетті дағдыларды дамытуға ықпал етеді. Чемпионат тек үздіктерді анықтайтын алаң ғана емес, сонымен қатар бөлімдер арасындағы тәжірибе алмасудың маңызды кезеңіне айналды. «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскери-қолданбалы спорт түрлерін дамытуды жүйелі түрде жалғастырып, шыңдалған, дайын әрі ұйымшыл жеке құрам қалыптастыру бағытында жұмыс жүргізуде.

