Халықтың асыл перзенті – Тәттімбет Қазанғапұлы

Қарқаралыда күй өнерінің көрнекті өкілі, қазақтың әйгілі күйші-композиторы Тәттімбет Қазанғапұлының есімін ұлықтаған облыстық күй орындаушылары байқауы өтті. Дәстүрлі өнерді дәріптеуге арналған шығармашылық додаға еліміздің әр өңірінен келген жас күйшілер қатысып, ұлттық мұраны насихаттауға үлес қосты.

Байқау қазақтың күй өнерін кейінгі буынға жеткізіп, домбыра мектебінің сабақтастығын сақтауды мақсат етті. Сонымен қатар, жас орындаушылардың шеберлігін шыңдап, олардың шығармашылық тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді. Өнер бәйгесіне Астана, Алматы, Семей қалаларынан, Павлодар облысының Баянауыл ауданынан және Қарағанды өңірінен барлығы 12 күйші қатысты. Қатысушылар халық және дәстүрлі композиторлардың күйлерін орындап, көрерменге қазақ музыкасының терең болмысын танытты.
Сахнада орындалған әр күйден ұлттық рух, тарихи таным мен ұрпақтар сабақтастығы айқын сезілді. Күйшілер Тәттімбет мектебінің ерекшелігін, қазақтың дәстүрлі орындаушылық мәнерін сақтай отырып, өз шеберліктерін көрсетті.
Байқаудың қазылар алқасына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Абдуғалисын Шоқанбаев жетекшілік етті. Қазылар алқасы қатысушылардың орындаушылық шеберлігіне, күйді жеткізу мәнеріне, сахна мәдениетіне және шығарманы көркемдік тұрғыда аша білуіне баса назар аударды.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде Қарағанды қаласының өкілі Жанбек Самарқанға бұйырды. Ол Гран-при иегері атанып, 1 миллион теңгенің сертификатымен марапатталды. Бірінші орынды қарағандылық Нұрмұхамед Жақанов иеленіп, 500 мың теңгелік сертификатқа қол жеткізді. Ал екінші орын Қарағанды өңірінің тағы бір өкілі Аружан Қуанышбайға беріліп, жас күйшіге 300 мың теңге көлеміндегі сертификат табысталды. Үшінші орын Астана қаласынан келген Нұрғиса Мязовқа бұйырып, ол 200 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Сонымен қатар, арнайы диплом мен 100 мың теңгелік сертификат елордалық Армия Нұрсұлтанға табысталды.
Бас жүлде иегері Жанбек Самарқан байқаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
– Қарқаралыда өткен Тәттімбет атындағы байқау өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл өнер додасы біз үшін үлкен тәжірибе болды. Әсіресе Қарқаралының табиғаты мен тарихи атмосферасы ерекше әсер сыйлап, шығармашылық шабыт берді, – деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқаулар ұлттық өнердің дамуына серпін беріп қана қоймай, жастардың дәстүрлі музыкаға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, күй өнерін кеңінен насихаттап, қазақтың мәдени мұрасын дәріптеуге мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары дәстүрлі өнерге қызығушылық артып келеді. Әсіресе жас орындаушылар арасында күй өнеріне бет бұрғандардың саны көбейген. Осындай шығармашылық байқаулар олардың кәсіби тұрғыда шыңдалуына және халық өнерін жаңа деңгейде насихаттауына жол ашады.
Тәттімбет Қазанғапұлының шығармашылық мұрасы қазақ күй өнерінің алтын қорына енген. Сондықтан оның есімін ұлықтайтын мұндай байқаулар ұлттық руханиятты дамытудағы маңызды жобалардың бірі.

Ералы ҒАНИ,

«QH»