«Сарыарқа батырлары» кубогы
Қарағандыда қазақ күресінен ересектер арасында өткен «Сарыарқа батырлары» Азия кубогы биыл ұлттық спорт жанашыры, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Диханбай Биткөзовтің 85 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс ұйымдастырылды. Қазақ күресінің дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген ардақты бапкердің құрметіне арналған байрақты бәсекеге жеті мемлекеттен және еліміздің барлық өңірінен 200-ден астам балуан қатысып, бозкілемде өзара мықтыны анықтады.
Диханбай Биткөзов – қазақ спорты тарихында өзіндік орны бар тұлғалардың бірі. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған бапкер осы уақытқа дейін 200-ден астам КСРО және Қазақстан спорт шеберін, 20-дан астам халықаралық дәрежедегі спорт шеберін дайындап шығарған. Сондықтан Қарағанды төрінде өткен бұл турнир спорт мерекесі ғана емес, ұстаз еңбегіне көрсетілген үлкен құрмет ретінде қабылданды.
Турнирдің ашылу салтанатына Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысып, жарысқа жиналған спортшылар мен қонақтарға жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ұлттық спорт түрлері басқармасының басшысы Жандос Мақсұтұлы министр Ербол Мырзабосыновтың құттықтауын жеткізді.
Өңір басшысы өз сөзінде қазақ күресінің ел ішіндегі беделі мен тәрбиелік маңызына ерекше тоқталды.
– Қазақ күресі халқымыздың рухымен біте қайнасқан ұлттық спорт түрі. Бүгінде Қарағанды облысында мыңдаған бала мен жасөспірім осы спортпен тұрақты айналысады. Өңір балуандары республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Мұндай турнирлер спортты дамытуға ғана емес, жастарды ұлттық құндылықтарға баулуға, адал бәсекеге тәрбиелеуге де ықпал етеді. Сонымен қатар, елдер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға сеп болады. Бұл жарыс қатысушылар үшін есте қаларлық маңызды додаға айналады деп сенемін, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Жандос Мақсұтұлы да өз сөзінде мерейтой иесінің ұлттық спортқа сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.
– Диханбай Дүржанұлы ұлттық спорттың дамуына зор үлес қосқан тұлға. Бұл турнир – ұлттық құндылықтарды дәріптейтін тағылымы мол шара. Ұлттық спорт халқымыздың тарихы мен рухының көрінісі. Осындай жарыстар жас буынның елдік санасын қалыптастырып, саламатты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді. Диханбай ағамыздың еңбек жолы әрдайым жас спортшыларға үлгі болып қала береді, – деді ол.
Турнирге арнайы келген құрметті қонақтар қатарында КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Жахит, сондай-ақ «Қазақстан барысы» турнирінің бірнеше дүркін жеңімпаздары Бейбіт Ыстыбаев пен Ержан Шынкеев те болды. Ал мерейтой иесінің ұлы, қазақ күресінің дамуына үлес қосып жүрген Жеңіс Биткөзов әке жолын жалғастырып келе жатқанын айтып, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
Азия кубогында әр мемлекеттен бір спортшыдан, сондай-ақ Қазақстанның әр облысынан бір балуаннан белдесті. Ал жарысты қабылдаушы өңір ретінде Қарағанды облысына әр салмақ дәрежесінде екі спортшыдан қатыстыру мүмкіндігі берілді. Жалпы, жарыс сегіз салмақ дәрежесі бойынша өтті.
Қарағанды облысының ересектер құрамасының аға жаттықтырушысы Мақсат Ахметбеков турнирдің жылдан-жылға ауқымы кеңейіп келе жатқанын айтты.
– Бұл турнирдің ұйымдастырылып келе жатқанына жеті жыл болды. Алғашында Диханбай Биткөзов атындағы «Сарыарқа батырлары» турнирі ретінде басталған еді. Кейін халықаралық деңгейге көтеріліп, үшінші мәрте Азия кубогы ретінде өтті. Жыл басынан бері елімізде бірнеше республикалық турнир ұйымдастырылды. Сол жарыстарда үздік шыққан балуандар осы Азия кубогына жолдама алды. Қазір спортшылардың дайындығы жақсы деңгейде. Көптеген балуанымыз жоғары нәтиже көрсетті, – деді бапкер.
100 келіге дейінгі салмақта Қарағанды облысының намысын қорғаған Ерқанат Молдағұлов финалға дейін сәтті өнер көрсетті. Оның салмақ дәрежесінде 30 спортшы жүлдеге таласып, жерлесіміз алғашқы белдесуінде Қытай балуанын жеңсе, кейін елордалық Мейіржан Исламшайықовтан басым түсті. Үшінші айналымда Алматы облысының өкілі Аян Байғазиды таза жеңіспен ұтып, финалға жолдама алды. Алайда шешуші белдесуде шымкенттік Ерсұлтан Мұсапаровқа есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты.
– Финалда сәл қателік жіберіп алдым. Қарсыласым жамбас әдісін тиімді пайдаланды. Бұған дейін де бірнеше рет кездескенбіз. Соңғысында мен жеңген едім. Бұл жолы Азия кубогының финалында қайта жолықтық. Енді басты мақсат – Әлем кубогына тыңғылықты дайындалу, – деді Ерқанат Молдағұлов.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы медальдар, дипломдар және ақшалай сыйақылар табысталды.
«Сарыарқа батырлары» Азия кубогы ұлттық спорттың халықаралық деңгейде дамуына серпін беріп келеді. Сонымен қатар, мұндай турнирлер жас балуандардың тәжірибе жинауына, қазақ күресінің беделін арттыруға және елдер арасындағы спорттық байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

