Заң мен патриотизм мәселелері талқыланды
Қарағанды қаласында заңдылық, құқықтық тәртіп және патриотизм тақырыптарына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Маңызды басқосуға құқық қорғау саласының мамандары, ғалымдар мен шетелдік оқу орындарының курсанттары қатысып, өзара тәжірибе алмасты.
Қазақстан Республикасы ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында ұйымдастырылған шара аралас форматта – офлайн және онлайн түрде өтті. Жиынға прокуратура мен полиция органдарының өкілдері, экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары, өңірлік жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ шетелдік сарапшылар қатысты. Конференция аясында қылмыстық және әкімшілік құқықты жетілдіру, криминалистиканың қазіргі заманғы сын-қатерлері және киберқылмыспен күрес әдістері қарастырылды. Сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін арттыру мен заң үстемдігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
– Қазіргі уақытта ғылым құқықтық жүйенің дамуына елеулі үлес қосуда. Мұндай жиындар теория мен тәжірибенің өзара байланысын нығайтып, құқық қорғау саласындағы өзекті мәселелерді жан-жақты талқылауға мүмкіндік береді, – деді Қарағанды облысы прокурорының орынбасары Еділ Жұбанов.
Секциялық жұмыстар барысында Ресей, Қырғызстан және Беларусь елдерінің ІІМ академияларының курсанттары өз баяндамаларын ұсынды. Сонымен қатар, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің, Қазтұтынуодағы университетінің және «Bolashaq» академиясының студенттері де өздерінің ғылыми жобаларын таныстырды.
– Бұл шара мен үшін өте пайдалы болды. Түрлі елден келген қатысушылардың тәжірибесімен танысып, өз білімімізді толықтыруға мүмкіндік алдық. Сонымен қатар, ғылыми жобамызды ұсыну арқылы өз ойымызды ортаға салып, пікір алмастық. Осындай кездесулер кәсіби дамуға үлкен серпін береді деп ойлаймын, – деді шараға қатысушы Сабина Мұхамеджанова.
Жиын соңында қатысушылар криминалистика саласындағы өзекті мәселелерді, қылмыстық және әкімшілік құқықты дамыту бағыттарын, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі заңдылықтың маңызын талқылады. Ұйымдастырушылар мұндай басқосулар халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтып, кәсіби тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

