Жастарға тең мүмкіндік беру жолдары талқыланды
AMANAT партиясы Қарағанды облыстық филиалында «Шексіз мүмкіндік» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Кездесу барысында ерекше білім беру қажеттілігі бар жастарды кәсіптік даярлау, еңбекпен қамту және қоғамға бейімдеу бағытындағы өзекті мәселелер сөз болды.
Шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, колледждер, бизнес саласының мамандары және ата-аналар қатысты. Қатысушылар кәсіптік бағдар беру, түлектерді қолдау және ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастардың бірыңғай дерекқорын қалыптастыру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, жиында инклюзивті жұмыс орындарын арттыру және білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы ынтымақтастықты нығайту жайы қарастырылды.
– Бұл бағыт – біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі. Инклюзия мәселелерімен біз ұзақ уақыттан бері жүйелі түрде айналысып келеміз. Ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарға жан-жақты қолдау көрсетіп қана қоймай, оларға құқықтық және психологиялық көмек те ұсынамыз, – деді «AMANAT» партиясының әйелдер қанатының жетекшісі Зара Шалабаева.
Динара Дюсупова ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелеп отыр. Оның ұлына эпилепсия диагнозы қойылған. Бала 7-сыныпқа дейін үйде оқып, кейін онлайн білім беру форматына көшірілген мектепке қабылданған. Ол Ислам технология және сервис колледжінде білім алып, «радиотехника шебері» мамандығын меңгерген. Оқуын аяқтаған соң жастар тәжірибесі бағдарламасы арқылы жұмыс тәжірибесінен өткен. Дегенмен бағдарлама аяқталғаннан кейін тұрақты жұмыс табу мүмкін болмаған. Қазіргі таңда Динара Дюсупова «Amanat» партиясының жаңа жобасынан үлкен үміт күтеді.
– Бұл – өте үлкен мүмкіндік, себебі біз сияқты диагнозы бар балаларды кез келген жерде қабылдай бермейді, –дейді ерекше бала тәрбиелеп отырған ана Динара Дюсупова.
«AMANAT» партиясы филиалы төрағасының айтуынша, жобаның басты мақсаты – жастарды қолдаудың тиімді жүйесін құру. Сонымен қатар, олардың кәсіби бағытын айқындап, қабілеттерін дамытуға және қоғамда өз орнын табуына мүмкіндік жасау көзделіп отыр.
– Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолайлы жағдай жасау – бүгінгі таңда партиямыз бен мемлекетіміздің негізгі бағдарламалары мен басым бағыттарының бірі. Дөңгелек үстел тек мәселені талқылаумен шектелмей, алдағы уақытта осы бағытта атқарылатын жұмыстар бойынша тиісті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берілетін болады деп күтеміз, – деп атап өтті Қарағанды облыстық «AMANAT» партиясы филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков.
Шара барысында колледждер, жұмыс берушілер және түлектер арасында үшжақты келісімдер жасалды. Бұл бастама жас мамандардың өндірістік тәжірибеден өтуіне және болашақта тұрақты жұмысқа орналасуына жол ашады.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

