Қарағандыда «Айбын – 2026» әскери-патриоттық жастар жиынының облыстық іріктеу кезеңі өтті
Қарағанды облысындағы «Жас ұлан» әскери колледжінің базасында «Айбын – 2026» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының облыстық іріктеу кезеңі ұйымдастырылды. Ауқымды шараға өңірдің қала-аудандарынан келген 12 команда қатысып, 115 жас өзара бақ сынады. Жиынға Нұра, Шет, Осакаров, Бұқар жырау аудандары мен Шахтинск, Теміртау, Абай, Қарқаралы, Балқаш, Саран қалалары, сондай-ақ Қазыбек би және Әлихан Бөкейхан аудандарының командалары қатысты.
Сайыс барысында қатысушылар әскери дайындық пен физикалық шеберліктерін бірнеше кезең бойынша көрсетті. Атап айтқанда, ату, автоматты жинақтау-бөлшектеу, белтемірге тартылу, әскери кросс, әскери эстафета және арқан тарту сайыстары ұйымдастырылды. Жастар әскери тәртіпке бейімділігін, ептілігі мен төзімділігін дәлелдеп, жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Тартысты дода қорытындысы бойынша: І-орын – Абай ауданы, ІІ-орын – Әлихан Бөкейхан ауданы, ІІІ-орын – Балқаш қаласының командасына бұйырды.
Шараның негізгі мақсаты – жастар арасында әскери-патриоттық тәрбиені нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және Отан қорғау ісіне деген қызығушылықты арттыру. «Айбын» жиыны жас буынның әскери рухын шыңдап, олардың елге деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.

