Патриоттық рухты шыңдаған форум

Қарағандыда «Менің Отаным – Қазақстан» атты облыстық әскери-патриоттық форум өтті. Ауқымды шараға өңірдегі «Жас сарбаз» сыныптарының 400-ге жуық оқушысы қатысып, өздерінің әскери дайындығы мен шығармашылық қабілеттерін көпшілікке паш етті. Форумға сондай-ақ ардагерлер, әскери қызметшілер мен ата-аналар шақырылды.

Салтанатты жиынға Теміртау, Саран қалалары мен Ақтоғай, Нұра, Қарқаралы аудандарынан келген жасөспірімдер қатысты. Форумның басты мақсаты – жастардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастырып, әскери қызметке деген қызығушылықты арттыру.

– Бұл әскери-патриоттық форум жас ұрпақтың бойына елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді. Осындай шаралар арқылы біз жастардың рухын шыңдап, оларды Отанға адал қызмет етуге тәрбиелейміз, – дейді Қарағанды қаласының білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім.

Шара барысында оқушылар саптық дайындықтарын көрсетіп қана қоймай, өз қолдарымен жасаған қолөнер бұйымдарын да таныстырды. Сонымен қатар, Қорғаныс істері жөніндегі департамент мамандары әскери киім үлгілері мен арнайы жабдықтардың көрмесін ұйымдастырды.

– Біз форумға оқушыларымыздың дайындаған жұмыстарын алып келдік. Мұндай кездесулер балалардың әскери салаға қызығушылығын арттырып, тәртіп пен жауапкершілікке баулиды, – дейді Ботақара кентіндегі С.Торайғыров атындағы тірек мектебінің әскери мұғалімі Алтынбек Елухан.

Форумның ең әсерлі сәттері саптық көрсетілімдер мен шығармашылық нөмірлерге ұласты. Патриоттық әндер шырқалып, оқушылар вальс биін биледі. Әсіресе, барабаншы әлияшылардың өнері мен Төлеген Бигелдинов атындағы әскери колледж студенттерінің қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетуі көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.

– Біз Бауыржан Момышұлының ерлігіне қарап бой түзейміз. Осындай форумдарға қатысу бізге үлкен мотивация береді. Әскери өмір мен тәртіп маған қатты ұнайды, болашақта ел қорғағым келеді, – дейді Б.Момышұлы атындағы «Жас сарбаз» мектебінің оқушысы Мансұр Досаев.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форумдар жасөспірімдердің патриоттық рухын көтеріп қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға да ықпал етеді. Форум соңында қатысушылар мұндай кездесулердің болашақ Отан қорғаушыларын тәрбиелеудегі маңызы зор екенін атап өтті.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»