Кедергісіз қоғамға қадам

Қарағанды облысында ерекше қажеттіліктері бар жандарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Соңғы жылдары өңірде инклюзивті саясатқа ерекше көңіл бөлініп, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау басты міндеттердің біріне айналды. Бұл бағытта мемлекеттік мекемелермен қатар қоғамдық ұйымдар да ауқымды жұмыс атқаруда. Солардың бірі – Qamqor plus мүгедектер қоғамдық бірлестігі.

Қозғалыс мүмкіндігінен айырылғанына 14 жыл болған Нияз Сүндиталиевтің айтуынша, бүгінде Қарағанды қаласы арбадағы жандар үшін бұрынғыға қарағанда әлдеқайда ыңғайлы бола бастаған. Қала көшелерінде пандустар мен арнайы түсу жолдары көбейіп, әлеуметтік нысандарға кіру жеңілдеген.

– Біз ең алдымен мүгедектігі бар адамдардың қоғамнан оқшауланып қалмауына жағдай жасауға тырысамыз. Бұрын көпқабатты үйлердің жоғарғы қабатында тұратын азаматтар сыртқа шыға алмайтын. Қазір оларды төмен түсіріп, қайта көтеретін арнайы қызмет жұмыс істейді. Сонымен қатар, инвотакси қызметі арқылы адамдар ауруханаға, мемлекеттік мекемелерге немесе мәдени іс-шараларға еш қиындықсыз бара алады. Бұл – олардың қоғам өміріне араласуына жасалған нақты мүмкіндік, – дейді Нияз Сүндиталиев.

2018 жылы құрылған қоғамдық бірлестік бірнеше жыл ішінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға жан-жақты қолдау көрсететін маңызды орталыққа айналды. Ал 2022 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейтін «Тең қоғам» орталығы ашылды. Мұнда азаматтарға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Орталықтың басты бағыттарының бірі – жұмысқа орналастыру мәселесі. Мамандар келушілерге түйіндеме әзірлеуге көмектесіп, олардың кәсіби дағдыларын дамытуға ықпал етеді.

– Біз тұрақты түрде заңгерлік және психологиялық көмек көрсетеміз. Сонымен қатар, адамдардың жұмысқа орналасуына жан-жақты қолдау білдіреміз. Кейбір азаматтарда психологиялық тосқауыл болады, сондықтан біз олардың өзіне деген сенімін арттыруға күш саламыз. Қажет болса, жұмыс орнына дейін бірге барып, бейімделуіне көмектесеміз, – дейді Нияз Сүндеталиев.

Бүгінде орталықта еңбек мобильділігі орталығының мамандары, жұмыс берушілер және мемлекеттік орган өкілдерімен тұрақты кездесулер ұйымдастырылады. Олар келушілерге мемлекеттік бағдарламалар, жұмыспен қамту мүмкіндіктері және әлеуметтік қолдау тетіктері туралы кеңінен түсіндіреді.

– Маған мүгедектігі бар азаматтар жиі хабарласады. Мен оларды осы орталыққа заңгерлік кеңес алу үшін жіберемін. Мұнда тек құқықтық көмек көрсетіліп қана қоймай, адамдарға өзіне лайық жұмыс табуға бағыт беріледі. «Тең қоғам» жобасы бүгінде ерекше қажеттіліктері бар жандар үшін үлкен тірекке айналды, – дейді Әлия Сүлейменова.

Орталық көмегіне жүгінгендердің бірі – Айнұр Сейдағалиева. Ол бірнеше ай бойы келісімшартсыз жұмыс істеп, жалақысын ала алмай жүргенін айтады. Бұған дейін мемлекеттік органдарға жүгінгенімен, нақты көмек ала алмаған.

– Мұнда заңгерлер бар, олар құжаттарды дұрыс рәсімдеуге көмектеседі. Бұған дейін де осы орталыққа келгенмін, сол кезде маған нақты қолдау көрсетілді. Сондықтан тағы да осында жүгіндім, – дейді Айнұр Сейдағалиева.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары қоғамда ерекше қажеттіліктері бар жандарға деген көзқарас біртіндеп өзгеріп келеді. Қала инфрақұрылымы бейімделіп, әлеуметтік қолдау тетіктері күшейген сайын олардың қоғамдық өмірге араласу мүмкіндігі де арта түскен. Ең бастысы – кедергісіз орта қалыптастыру тек пандус пен арнайы қызметтермен шектелмей, қоғамның саналы көзқарасымен қатар жүруі тиіс.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»