Халықаралық турнирдің жеңімпазы

Астанада дзюдодан өткен Qazaqstan Barysy Grand Slam халықаралық турнирінде қарағандылық спортшы Аида Тойшыбекова қола медаль жеңіп алды. Халықаралық дзюдо федерациясының ресми күнтізбесіне енгізілген бұл жарыс әлемдік маусымдағы ең беделді рейтингтік турнирлердің бірі саналады.

Биылғы додаға әлемнің 36 елінен 295 спортшы қатысып, татамиде өзара мықтыны анықтады. Турнирдің маңызы ерекше, себебі спортшылар мұнда 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алуға мүмкіндік беретін рейтингтік ұпайлар үшін бақ сынады. Қазақстан құрамасы жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық медаль кестесінде үздік үштік қатарына енді. Ел намысын қорғаған спортшылар арасында Қарағанды облысының өкілдері де сәтті өнер көрсетті.

Қарағандылық дзюдошы Аида Тойшыбекова +78 келі салмақ дәрежесінде татамиге шығып, қола жүлдеге ие болды. Спортшы халықаралық деңгейдегі жарыстың жоғары қарқында өткенін және әр белдесудің үлкен дайындықты талап еткенін айтады.

– Белдесулер өте тартысты өтті. Қарсыластардың барлығы мықты әрі тыңғылықты дайындалған. Тәжірибелі спортшылармен күресуге тура келді, әр кездесу барынша жинақылық пен толық күш салуды талап етті. Жеңіске жету үшін кей сәттерде сенімділік, ал шешуші кезеңдерде тәжірибе мен сабырлылық сәл жетіспеген шығар. Дегенмен мұндай жарыстар үлкен тәжірибе беріп, одан әрі көп еңбек етуге жігерлендіреді, – дейді Аида Тойшыбекова.

Қазақстан құрамасы сапында Қарағанды облысының тағы екі спортшысы өнер көрсетті. Атап айтқанда, 90 келіге дейінгі салмақта Ақжол Дүйсенбаев белдессе, 100 келіге дейінгі салмақта Асқар Біржанов күш сынасты.

Мамандардың айтуынша, Grand Slam санатындағы турнирлер әлемдік рейтингке тікелей әсер етеді және Олимпиада алдындағы басты кезеңдердің бірі. Мұндай жарыстарда үздік нәтиже көрсету спортшылардың халықаралық рейтингтегі орнын жақсартып қана қоймай, әлемдік деңгейдегі тәжірибе жинауына мүмкіндік береді. Соңғы жылдары Қазақстан дзюдошылары халықаралық ареналарда тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Ал Қарағанды облысының спортшылары ұлттық құрама сапында беделді жарыстарда өңір намысын лайықты қорғап жүр.

Аида Тойшыбекованың Qazaqstan Barysy Grand Slam турниріндегі қола жүлдесі қазақстандық дзюдо мектебінің әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеген маңызды жетістік. Бұл нәтиже спортшының алдағы халықаралық додаларда да жоғары орындардан көрінуіне мүмкіндік береді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»