Ұстазға тағзым – ұрпаққа үлгі
Қоғамның дамуы мен ұлт болашағы ұстаз еңбегімен тығыз байланысты. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған жандарды ұлықтау – бүгінгі буынның басты парызы. Осындай тағылымды мақсатта Қарағанды облысы Шет ауданында көрнекті ұстаз, білікті басшы Биғожин Қайрат Ерболатұлын еске алуға арналған ауқымды шара өтті.
Қайрат Ерболатұлы 1964 жылы 19 қаңтарда Ақсу-Аюлы ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын ерте бастап, Отан алдындағы борышын өтеген соң, білім саласына біржола бет бұрды. Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдап, кейін мемлекеттік басқару саласы бойынша да білімін жетілдірді. Әр жылдары жауапты қызметтер атқарып, 1994 жылдан бастап Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясын ұзақ жылдар бойы басқарып, өңірдегі білім беру ісінің дамуына елеулі үлес қосты. Сондай-ақ салалық кәсіподақ ұйымында еңбек етіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты, аудандық мәслихат депутаты ретінде де ел сенімін ақтады.
Ұстаздың жарқын бейнесін ұлықтау мақсатында 2026 жылдың 30 сәуірінде аудан көлемінде мұғалімдер мен мекеме қызметкерлері арасында волейболдан турнир ұйымдастырылды. Шара аудан басшылығының қолдауымен өтті. Атап айтқанда, аудан әкімі Мұхит Сайлауұлы, аудандық мәслихат төрағасы Саят Социалұлы және «Amanat» партиясының аудандық филиалы бұл бастамаға қолдау білдірді.
Жарыс басталар алдында марқұмның рухына құран бағышталып, тағзым жасалды. Турнирге аудан бойынша 16 команда қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Қатысушылар қатарында білім беру ұйымдары мен түрлі мекеме қызметкерлері болды. Бұл – ұстаз еңбегіне деген құрметтің айқын көрінісі.
Нәтижесінде І-орынды Шет ауданының спорт бөлімі иеленді. ІІ-орын Ы.Алтынсарин атындағы ресурстық орталық командасына бұйырса, ІІІ-орын Балалар және жасөспірімдер спорт мектебіне берілді. Сонымен қатар жарыс барысында бірқатар ойыншылар арнайы номинациялармен марапатталып, үздіктер анықталды.
Шараның жоғары деңгейде өтуіне демеушілер де үлес қосты. «Amanat» партиясы, Ақсу-Аюлы ауылдық әкімдігі, Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназия ұжымы, кәсіподақ ұйымы және марқұмның отбасы қаржылай қолдау көрсетті. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлер де игі іске атсалысты.
Бұл тағылымды шараны ұйымдастыруда мектеп-гимназия ұжымы мен аудандық кәсіподақ комитетінің еңбегі зор. Ұйымдастырушылар барлық қолдау білдірген азаматтарға алғыс айтып, мұндай игі бастамалардың алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Жалпы, бұл турнир – жай ғана спорттық дода емес. Бұл – ұстазға деген құрметтің, өткенге тағзымның және кейінгі ұрпаққа үлгі көрсетудің жарқын көрінісі.
Б.А.ТҮСІПХАНОВА,
Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясы
директорының орынбасары

