Ел жастарының жігерін шыңдаған жарыс
Астана өңірлік қолбасшылығына қарасты «Спасск» оқу орталығының базасында жалпы білім беретін мектептердің 10-11 сынып оқушылары арасында «Жас жауынгер – 2026» республикалық әскери-қолданбалы спорт түрлерінен жарыс өтті.
Ауқымды шара алғашқы әскери дайындық бағдарламасының маңызды бөлігіне айналып, еліміздің барлық өңірінен келген қала және аудан мектептерінің 10 командасын бір арнаға тоғыстырды. Қатысушылар тек дене шынықтыру дайындығын ғана емес, сонымен қатар шынайы жағдайларға барынша жақын ортада әрекет етуге қажетті дағдыларын да көрсетті. Жарыс мазмұны бірнеше кезеңнен тұратын серпінді эстафета форматында ұйымдастырылды. Оқушылар пневматикалық мылтықпен ату, граната лақтыру, жергілікті жерде бағдар табу тапсырмаларын орындап, Калашников автоматын бөлшектеу және қайта жинау бойынша шеберліктерін сынға салды. Әсіресе сым кедергілерінен өту және еңбектеп қозғалу сияқты ептілік пен үйлесімділікті талап ететін кезеңдер ерекше қызығушылық тудырды. Сонымен қатар азаматтық қорғаныс пен алғашқы медициналық көмек көрсету дағдылары да бағаланды. Қатысушылар уақытқа қарсы газтұмылдырық киіп, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетті. Физикалық дайындық кезеңінде жасөспірімдер тартылу, қолды бүгіп-жазу және іш бұлшықеттеріне арналған жаттығуларды орындап, жоғары деңгейдегі дайындықтарын дәлелдеді. Тартысты өткен бәсеке қорытындысы бойынша үшінші орынды Алматы облысының командасы иеленсе, екінші орын Қостанай қаласының қатысушыларына бұйырды. Ал барлық кезеңдердің нәтижесі бойынша ең үздік көрсеткіш көрсеткен Алматы қаласының командасы жарыс жеңімпазы атанды.
– Біз бар күшімізді салып, үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынды иелендік. Жалпы жарыс өте қызықты өтті, есте қаларлықтай әсер қалдырды. Әсіресе жеңіспен елге оралу – біз үшін үлкен қуаныш, – деді жеңімпаз команданың мүшесі, алматылық Әлихан Хамит.
Осындай жарыстарды өткізу жастар арасында патриоттық рухты, тәртіптілік пен командалық бірлікті нығайтып, әскери-қолданбалы спорт түрлеріне және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде қызмет етуге деген қызығушылықты арттыра түседі.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

