«Бірлік жүгірісі – 2026»: татулықты ұлықтаған спорттық шара

Қарағанды қаласында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған дәстүрлі «Бірлік жүгірісі – 2026» республикалық жарысы өтті. Ауқымды спорттық шара Орталық мәдениет және демалыс саябағында ұйымдастырылып, таңғы сағат 09:30-да басталды.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін бұл жарыс қоғамдағы татулық пен келісімді нығайтуды көздейтін маңызды шаралардың бірі. Биыл да оған жүздеген адам қатысты. Олардың қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктер өкілдері, спортшылар, қоғам белсенділері және салауатты өмір салтын ұстанатын қала тұрғындары бар.

– Тәуелсіздік жылдарынан бері 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында түрлі спорттық шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Соның ішінде жүгіру жарыстары, марафондар мен эстафеталар бар. Биыл да осы дәстүр жалғасып, қалалық саябақта «Бірлік жүгірісі» өтті. Қатысушыларға арнайы естелік жейделер таратылып, барлығы жоғары көңіл күймен қатысты. Мұндай шаралардың басты мақсаты – елдегі түрлі этнос өкілін біріктіру, халық арасындағы достық пен өзара сыйластықты нығайту. Осындай жарыстарда бірлік пен татулықтың нақты көрінісін байқауға болады. Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын! Елімізде әрдайым бейбітшілік орнап, әр отбасыға зор денсаулық пен көтеріңкі көңіл күй тілеймін, – деді Қытай этномәдени орталығының төрағасы Д-Си Ян.

Жарысқа қатысушылар 2 шақырым қашықтықты бағындырып, өздерінің салауатты өмір салтын ұстанатынын көрсетті.

– Мен Қарағанды қаласының тұрғынымын. Барша қазақстандықты Бірлік күнімен құттықтаймын. Елімізге тыныштық, әр шаңыраққа бақ-береке тілеймін. Бүгін отбасымызбен бірге осы жүгіріске қатысып жатырмыз. Қызым Жасмин 6 жаста. Біз үнемі салауатты өмір салтын ұстанамыз. Өзім балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеймін. Бұл жарысқа алғаш рет қатысуымыз, – деді қатысушы Аида Ақылбекова.

Шара барысында тұрғындар туған жерге деген сүйіспеншілігін, ел бірлігіне деген құрметін нақты істерімен көрсетті. Сонымен қатар жарыс бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға серпін берді.

– Мен Қарқаралы ауданы, Сарыобалы ауылының тұрғынымын. Осы мерекелік жарыста өз бағымды сынап көруге келдім. 2 шақырым қашықтықты 5 минут 52 секундта жүгіріп өттім. Баршаңызды Бірлік күнімен құттықтаймын! Әр отбасына денсаулық пен бақыт тілеймін, – деді қатысушы Сағат Баубек.

Шара соңында жеңімпаздар марапатталып, барлық қатысушыға естелік медальдар табысталды. Осылайша, «Бірлік жүгірісі – 2026» елдегі ынтымақ пен бірлікті айшықтаған мазмұнды әрі жарқын мерекелік шара ретінде қорытындыланды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»