Жаны нәзік тергеуші, өнегелі ана

Бүгін біз Қарағанды-Сұрыптау станциясы аумағындағы желілік полиция бөлімінің тергеу бөлімшесінде қызмет атқаратын полиция аға лейтенанты Сүлейменова Шамшиябану Еруланқызы жайында сөз етпекпіз. Нәзік болмысына қарамастан, жауапкершілігі зор салада табанды еңбек етіп жүрген ол – қызмет пен отбасыны қатар алып жүрген жан.

Шамшиябанудың құқық қорғау саласын таңдауы кездейсоқ емес. Бұл жолға келуіне осы салада қызмет ететін жарының ықпалы зор болған. 2014 жылы Қарағанды қаласындағы «Болашақ» колледжін тәмамдап, Қарағанды көлік прокуратурасында тәжірибеден өту барысында болашақ жарымен танысады. Кейін отбасын құрып, екеуі де құқық қорғау саласында иық тіресе еңбек етуді жалғастырады.

Еңбек жолын Қарағанды-Сұрыптау станциясы желілік полиция бөлімінің кеңсе бөлімінде жетекші маман ретінде бастаған ол кәсіби біліктілігінің арқасында қызмет сатысымен біртіндеп көтерілді. 2023 жылы патрульдік полиция қызметіне ауысып, 2024 жылы Қарағанды-Жолаушылар станциясы әкімшілік полиция бөлімшесінің инспекторы лауазымына тағайындалды. Осы кезеңде «лейтенант» алғашқы офицерлік шенін иеленді. Бүгінде іскерлігімен танылған жас маман қайтадан Қарағанды-Сұрыптау станциясы желілік полиция бөлімінің тергеу бөлімшесінде тергеуші қызметін абыроймен атқарып келеді.

Қылмыстық істерді тергеу – үлкен жауапкершілікті талап ететін күрделі сала. Соған қарамастан, Шамшиябану өз міндетін жоғары деңгейде орындап, әріптестері арасында беделге ие болып отыр. Сонымен қатар ол – үш баланың аяулы анасы. Қызметтегі қарбаласқа қарамастан, отбасы мен аналық міндетін қатар алып жүруі – оның табандылығы мен ұйымдастырушылық қабілетінің айқын көрінісі.

Сүлейменова Шамшиябану Еруланқызының өмір жолы – еңбекқорлықтың, қайсарлықтың және нәзіктік пен күш-жігердің үйлесімін танытатын жарқын үлгі. Осындай ел тыныштығын күзетіп жүрген нәзік жандыларды алдағы Отан қорғаушылар күні мерекесімен құттықтап, зор денсаулық, қызметтеріне табыс, отбасыларына амандық тілейміз!