ӘСКЕРИ КАФЕДРА ТҮЛЕКТЕРІ АНТ ҚАБЫЛДАДЫ
Бөкетов ұлттық университетінің әскери кафедрасында 130-ға жуық студент салтанатты түрде әскери ант қабылдап, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарындағы запастағы офицер атану жолына нық қадам жасады.
Іс-шараға университет басшылығы, әскери кафедра оқытушылары, сондай-ақ студенттердің ата-аналары мен жақындары қатысып, жас сарбаздардың өміріндегі айтулы сәттің куәсі болды.
Университет қабырғасындағы әскери кафедра – болашақ ел қорғандарын даярлайтын тағылымды орта. Мұнда студенттер теориялық біліммен қатар, далалық жаттығулар барысында тактикалық машықтарын жетілдіріп, қару-жарақ пен әскери техниканы меңгереді. Сонымен қатар күрделі жағдайда дұрыс шешім қабылдау, бөлімшені басқару, тәртіп пен жауапкершілікті сақтау секілді маңызды қасиеттерді қалыптастырады.
Салтанатты жиында университет ректоры Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков жас офицерлерге жүрекжарды тілегін арнады:
«Сіздерді өмірлеріңіздегі маңызды белеспен құттықтаймын! Бүгін сіздер Отанға адал қызмет етуге ант қабылдадыңыздар. Бұл – зор жауапкершілік. Әрдайым елге деген сүйіспеншілікті биік ұстап, нағыз патриот болыңыздар. Отан қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы. Осы міндетті абыроймен атқарасыздар деп сенемін. Еліміз өркендей берсін!»
Әскери кафедра басшысы, полковник Қайрат Балташұлы Әбішев те ант қабылдаудың мәніне тоқталды:
«Бұл рәсім – Отанға адал қызмет етудің айқын көрінісі. Конституцияда әр азаматтың ел қорғау міндеті нақты белгіленген. Ата-бабамыз аманат еткен жерді сақтау – біздің қасиетті парызымыз. Сондықтан білім алып, елге қызмет ету жолында аянбай еңбек ету қажет.»
Түлектер атынан сөз сөйлеген Диас Қайранбай бұл күннің маңызын ерекше атап өтті:
«Бүгінгі күн – біз үшін тарихи сәт. Әскери кафедра бізге тәртіп пен жауапкершілікті, уақытты тиімді пайдалануды үйретті. Командирлерімізге шынайы алғысымызды білдіреміз. Олар бізге тек кәсіби білім ғана емес, өмірлік бағдар да берді.»
Айта кетерлігі, ант қабылдағандардың қатарында қыздар да бар. Бұл – қазақ қыздарының да ел қорғаны болуға дайын екенін көрсетеді.
Биыл әскери кафедраның құрылғанына 5 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында кафедра жүздеген білікті маман даярлап, ел қауіпсіздігін нығайтуға өз үлесін қосып келеді.
Салтанатты түрде ант қабылдаған жас офицерлерге сәттілік тілейміз!
Эльнура ҰЛАНҚЫЗЫ,
Buketov University баспасөз қызметі

