ҚарТУ – ел үздігі: болашақ инженерлер республикалық олимпиадада топ жарды

Қазақстанның техникалық жоғары оқу орындарының үздік студенттері бас қосатын «Автоматтандыру және басқару» бағыты бойынша республикалық пәндік олимпиада биыл да дарынды жастардың білімін саралаған маңызды алаңға айналды. Бұл дода болашақ инженерлердің кәсіби құзыреттілігін шыңдап, олардың ғылыми-тәжірибелік әлеуетін дамытуға бағытталған.

2026 жылғы 12 наурызда академик Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде «Автоматты басқару теориясы» пәні бойынша XVIII Республикалық олимпиаданың университетішілік кезеңі өтті. Аймақтың 94 жылдығына арналған білім бәйгесіне «Автоматтандыру және басқару» және «Электроэнергетика» білім беру бағдарламаларының 3-4 курсынан 22 студент қатысты.

Қатысушыларға бір сағат ішінде күрделі практикалық тапсырмаларды орындау міндеттелді. Олар теориялық білімдерін ұштап қана қоймай, логикалық ойлау мен инженерлік тәсілдерді шебер үйлестіре отырып, өздерінің жоғары дайындық деңгейін дәлелдеді.

Іріктеу кезеңінің нәтижесінде үздіктер анықталды. Бірінші орынды Қасқанова Аида иеленсе, екінші орын Копылов Давид пен Жамбеков Олжасқа бұйырды. Үшінші орынға Умирзахов Жасұлан, Әмірбек Ғалия және Уайсов Айбек тұрақтады. Жеңімпаздар республикалық кезеңге жолдама алды.

Олимпиаданың финалдық кезеңі 20-22 сәуір күндері Алматы қаласындағы Қазақстан-Британ техникалық университетінде өтті. Елдің жетекші 20 жоғары оқу орнынан 39 студент қатысқан білім бәсекесінде тапсырмалар электротехника, сызықтық және бейсызықтық автоматты басқару жүйелері бойынша терең білім мен аналитикалық ойлауды талап етті.

Қарағанды техникалық университетінің командасы бұл кезеңде де жоғары нәтиже көрсетіп, командалық есепте І орынды жеңіп алды. Жеңімпаздарға 100 мың теңгелік сертификат табысталды. Сонымен қатар жеке есепте де ҚарТУ студенті Давид Копылов үздік атанып, университет мерейін үстем етті.

Жеңістің артында білікті ұстаздардың еңбегі жатыр. Өндірістік процестерді автоматтандыру кафедрасының оқытушылары Леонид Дайч пен Гамзат Сүндет студенттерді сапалы дайындап, жоғары нәтижеге жетуге зор үлес қосты. Олардың еңбегі арнайы алғысхаттармен атап өтілді.

Айта кету керек, олимпиада қорытындысы бойынша Қарағанды техникалық университетіне 2027 жылы осы бағыттағы XIX Республикалық студенттік олимпиаданы өткізу құқығы берілді. Бұл – оқу орнының инженерлік білім беру саласындағы жоғары деңгейін тағы бір мәрте айқындаған маңызды жетістік.

ҚарТУ студенттерінің бұл жеңісі – тек жеке табыс қана емес, өңірдегі техникалық білім мен ғылымның қарқынды дамып келе жатқанын көрсететін айқын дәлел.

Д.К.ЖҰМАҒҰЛОВА,

Г.Е.СҮНДЕТ,

Ж.С.НҰРМАҒАНБЕТОВА,

Ш.Е.ЕЖЕБАЕВА,

К.М.ТОҚМЕТОВА,

ӨПА кафедрасының аға оқытушылары

 

Г.М.АЛПАНОВА,

оқытушы