Саяжай жолына веложол салынып жатыр

Қарағанды қаласында тұрғындардың жазғы маусымдағы белсенді қозғалысын ескерген маңызды инфрақұрылымдық жоба басталды. Фёдоров саяжай алқаптарына апаратын жол бойында арнайы веложолдың құрылысы жүргізілуде. Бұл бастама екі дөңгелекті көлік тізгіндегендер үшін қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етіп, автокөлікпен ортақ жолдағы тәуекелді азайтуға бағытталған.

Фёдоровка бағыты – қала үшін жыл он екі ай маңызды көлік артериясы. Әсіресе көктем мен жаз мезгілінде бұл бағыттағы қозғалыс күрт артады. Бірі бау-бақшасына асықса, енді бірі демалыс аймағына жетуге тырысады. Осындай жүктемені ескере отырып, жолды жаңғырту кезінде веложол салу шешімі қабылданған.

Қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержан Көкішев бұл шешімнің қауіпсіздікпен тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Жаз маусымында саяжай бағытында қозғалыс күрт көбейеді. Велосипедпен жүретіндер де көп. Олар көлік жолының жиегімен жүруге мәжбүр болатын. Бұл қауіпсіздік тұрғысынан алаңдататын жағдай еді. Сондықтан жобаға веложол салуды міндетті түрде енгіздік», – деді ол.

Жаңа веложолдың ұзындығы шамамен 4,5 шақырымды құрайды, ені – 2,5 метр. Ол Университет көшесі маңынан басталып, «Машинажасау» аялдамасына дейін созылады. Құрылыс барысында жол сапасына ерекше мән берілуде: негізі бірнеше қабаттан тұратын берік құрылыммен жасалып жатыр. Алдымен қатты грунт, оның үстіне қиыршық тас пен ірі құм төселіп, соңынан асфальт жабылады.

Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта жиектастар орнату мен жол негізін дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Жоба бойынша құрылыс мамыр айының соңына дейін толық аяқталуы тиіс.

«Қазіргі таңда веложолдың негізі дайындалып жатыр. Жақын күндері асфальт төсеу жұмыстары басталады. Мамыр айының соңына дейін толық аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді Ержан Көкішев.

Жөндеу жұмыстары тек жаңа веложолмен шектелмейді. Бұған дейін жүргізілген жұмыстар кезінде бүлінген жол учаскелері де қалпына келтіріледі. Бұл – мердігер мекеменің міндетіне кіретін қосымша жұмыс.

Қала тұрғындары бұл бастаманы оң бағалап отыр. Олардың айтуынша, бұрын бұл бағытта жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер үшін жағдай жасалмаған, ал жол-көлік оқиғалары жиі кездескен.

«Бұрын бұл жерде қауіп көп болатын. Велосипедшілер де, жаяу жүргіншілер де жол жиегінде жүретін. Бірде көз алдымда велосипедшіге көлік соғылған жағдай болды. Сондықтан бұл веложол өте қажет», – дейді тұрғындардың бірі.

Тағы бір қала тұрғыны кешкі уақытта бұл бағытта көлік кептелісі жиі болатынын атап өтті:

«Кешкі сағат бестен кейін қозғалыс өте ауыр. Қазір жол кеңейіп, бөлек веложол салынғалы жағдай жақсарады деп ойлаймыз», – деді ол.

Коммуналдық сала мамандарының айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – саяжай бағытындағы көлік жүктемесін азайту және тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету. Веложол жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге қауіпсіз кеңістік қалыптастырады.

Қалалық билік өкілдері бұл бастама алдағы уақытта кеңейтілетінін айтады. Веложолдар тек саяжай бағытында ғана емес, қала ішіндегі жаңа және жөнделіп жатқан көшелерге де енгізіле бастайды.

«Барлық жаңа жобада велоинфрақұрылым міндетті түрде қарастырылып жатыр. Қолданыстағы көшелерге де талдау жүргізілуде. Егер мүмкіндік болса, ол жерлерде де веложол салу қарастырылады», – деді Ержан Көкішев.

Осылайша, Қарағандыда қолға алынған веложол құрылысы – тек жол инфрақұрылымын жаңарту емес, сонымен қатар қаладағы қозғалыс мәдениетін өзгертуге бағытталған маңызды қадам. Бұл жоба болашақта велосипедті күнделікті көлік түрі ретінде дамытуға жол ашуы мүмкін.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»