Qasymkitap марапат төрінде

Елордада өткен «Astana Eurasian Book Fair – 2026» IX халықаралық көрме-жәрмеңкесі өз мәресіне жетті. Бес күнге созылған ауқымды шара бұл жолы да кітапсүйер қауымның басын қосып, баспа ісі мен рухани мәдениеттің алаңына айналды. Орталық Азиядағы ең ірі кітап көрмелерінің бірі саналатын жиында «Qasymkitap» баспасы екі бірдей аталым бойынша үздіктер қатарынан көрінді.

22-26 сәуір аралығында Президент орталығында ұйымдастырылған халықаралық көрме биыл өзінің мәртебесін одан әрі нығайтты. Шараға әлемнің 15 елінен өкілдер қатысып, 80-нен астам ұйым өз өнімдерін ұсынды. Олардың қатарында баспалар, ғылыми-білім беру мекемелері, полиграфиялық компаниялар мен мәдени ұйымдар бар. Дәстүрлі түрде Түркия, Қытай, Испания, Иран секілді мемлекеттер қатысса, биыл алғаш рет Ұлыбритания өз баспа өнімдерін таныстырды. Көрме аясындағы маңызды оқиғалардың бірі 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылған республикалық байқау болды. Байқауды Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі өткізді. Оған еліміздің 32 баспасынан 155 өтінім қабылданған. Қатысушылар балалар әдебиеті, комикс, фантастика, нон-фикшн, детектив, сатира, үздік иллюстрация, үздік аударма және «Жыл кітабы» секілді бірнеше бағыт бойынша бақ сынады. Байқау қорытындысында «Qasymkitap» баспасы жоғары нәтижеге қол жеткізді. Атап айтқанда, «Үздік баспа» аталымы бойынша екінші орын иеленсе, «Детектив жанрындағы үздік кітап» аталымында да екінші орынға лайық деп танылды.

Бұл аталымда баспадан жарық көрген Тұрсынбек Әлиұлының «Улуру» хикаяты үздік деп танылды. Оқырман назарын бірден аударған шығарма тартымды сюжеттік желісімен, терең мазмұнымен және детективтік шиеленісімен ерекшеленеді.

Баспа редакторы Гүлдана Қуатқызының айтуынша, халықаралық деңгейдегі көрмеде жоғары бағаға ие болу ұжым үшін үлкен жетістік әрі жауапкершілік. Оның сөзінше, баспаның басты мақсаты оқырманға сапасыз дүние ұсыну емес, керісінше, көркемдік деңгейі жоғары, мазмұны бай шығармаларды насихаттау. Сондықтан әр кітапты іріктеу барысында оның танымдық құндылығына, тілдік сапасына және әдеби деңгейіне ерекше мән беріледі.

Жыл сайын ауқымы кеңейіп келе жатқан «Astana Eurasian Book Fair» көрмесі еліміздегі кітап индустриясының даму қарқынын тағы бір мәрте аңғартты. Бұл шара отандық баспалардың тек ішкі нарықта ғана емес, халықаралық деңгейде де бәсекеге қабілетті екенін көрсетті. Сонымен қатар мұндай мәдени кездесулер кітап оқу мәдениетін дамытуға, жаңа авторларды танытуға және рухани құндылықтарды насихаттауға зор мүмкіндік береді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»