Киберспорттан ел чемпионы

Қарағанды қаласындағы Серік Сәпиев атындағы бокс орталығы ел спорты тарихындағы айтулы оқиғалардың біріне куә болды. Мұнда Қазақстандағы алғашқы ресми ұлттық киберфутбол лигасы — eKPL турнирінің алғашқы маусымының гранд-финалы ұйымдастырылды. Бұл жарыс отандық киберспорт саласының дамуына жаңа серпін беріп, футболдың цифрлық форматтағы мүмкіндігін кеңінен танытты.

Мамандардың айтуынша, eKPL жобасы дәстүрлі спорт пен заманауи технологияның тоғысқан көрінісі. Бүгінде әлемде киберспорт қарқынды дамып келеді. Қазақстан да бұл үрдістен шет қалмай, ұлттық деңгейдегі ресми киберфутбол лигасын іске қосты. Турнир маусымы үш кезең бойынша ұйымдастырылды. Алдымен клубішілік іріктеу ойындары өткізілсе, одан кейін қатысушылар онлайн форматтағы чемпионатта бақ сынады. Ал ең мықты ойыншылар Қарағанды қаласында өткен шешуші LAN-финалға жолдама алды.

Финалдық кезеңде Қазақстанның сегіз футбол клубының үздік өкілдері бақ сынасты. Олардың қатарында «Шахтёр», «Қайрат», «Ұлытау», «Ертіс», «Атырау», «Қайсар», «Астана» және «Жеңіс» командалары болды. Ойындар плей-офф жүйесімен, BO1 форматында және 9 минуттық таймдармен өткізілді. Бұл формат қатысушылардан жоғары шеберлікпен қатар жылдам шешім қабылдауды талап етті.

Үшінші орын үшін өткен кездесуде «Ұлытау» мен «Жеңіс» командалары өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде ұлытаулық ойыншы Амир Джелкибаев қарсыласынан басым түсіп, жүлделі үшінші орынды иеленді. Ал гранд-финалда «Қайрат» клубының өкілі Олжас Есентаев пен «Шахтёр» командасының намысын қорғаған Данияр Шарабадин чемпиондық атақ үшін тартысты жекпе-жек өткізді. Шешуші матч көрермен үшін тартысты әрі әсерлі өтті. Нәтижесінде Данияр Шарабадин қарсыласын жеңіп, Қазақстандағы алғашқы eKPL чемпионы атанды.

Бұл жеңіс оған тек ұлттық лига чемпионы атағын ғана емес, халықаралық аренаға жолдама да сыйлады. Енді Данияр мамыр айында Англияда өтетін eChampions League турнирінде Қазақстан намысын қорғайды. Бұл отандық киберфутбол үшін тарихи мүмкіндік.

Жеңістен кейін әсерімен бөліскен турнир чемпионы Данияр Шарабадин өзінің спорттағы жолы туралы айтып өтті.

– Мен он жылдан бері футболмен айналысып келемін. Ал былтырдан бастап киберфутболға бет бұрдым. Кәдімгі футболда нәтиже көбіне команданың ойынына байланысты болса, мұнда бәрі өз қолыңда. Жеңіс те, жеңіліс те өз шешіміңе, өз әрекетіңе тәуелді. Сол жағымен бұл спорт ерекше қызықты әрі жауапкершілігі жоғары, – деді чемпион.

Турнирдің өтуіне Қарағанды облыстық футбол ассоциациясы да белсенді қолдау көрсетті. Ұйым өкілдерінің айтуынша, киберфутбол бүгінде жастар арасында кең сұранысқа ие жаңа бағытқа айналып келеді.

QOFA әлеуметтік жобалар бөлімінің басшысы Данияр Кәрібаев бұл жарыстың тарихи маңызын ерекше атап өтті.

– Бүгін біз Орталық Азия кеңістігі үшін ерекше оқиғаның куәсі болып отырмыз. Қарағанды облыстық футбол ассоциациясы бұл жобаны кездейсоқ қолдап отырған жоқ. Киберспорт – жаңа индустрия, футболдың жаңа форматы, аналитикалық ойлау мен жылдам шешім қабылдаудың, тәртіп пен жауапкершіліктің мектебі. Осы турнирдің жоғары деңгейде өтуіне қолдау білдірген Қарағанды облысының әкімдігіне, ұйымдастырушы UEL TEAM ұжымына және Қазақстан футбол федерациясына шынайы алғысымызды білдіреміз. Бүгін залда біздің Phygital CyberLeague жобасының жас қатысушылары отыр. Біз олардың осы атмосфераны өз көзімен көріп, киберспорттың артында үлкен еңбек тұрғанын түсінгенін қалаймыз, – деді ол.

Қазақстан футбол федерациясының өкілі Алишер Қайырбеков те цифрлық футболдың болашағына тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда футбол тек жасыл алаңмен шектелмейді.

– eKPL жобасы футболдың тек стадионда ғана емес, цифрлық кеңістікте де дамып жатқанын дәлелдейді. Футзал немесе жағажай футболы секілді, киберфутбол да спортты дамытудың және жаңа аудиторияны тартудың заманауи форматына айналып келеді. Бұл бағыт жастармен жұмыс істеуде ерекше маңызға ие, – деді федерация өкілі.

Финалдық кеш тек жарыспен шектелмей, нағыз спорттық мерекеге ұласты. Көрермендер үшін арнайы шоу-бағдарлама ұйымдастырылып, интерактивті ойындар мен жанкүйерлер арасында түрлі сыйлықтар ойнатылды. Бұл турнирге ерекше атмосфера сыйлап, киберспортқа деген қызығушылықты арттыра түсті.

Мамандардың пікірінше, eKPL лигасының алғашқы маусымы Қазақстандағы футбол мәдениетінің жаңа кезеңін бастап берді. Цифрлық бағыттағы мұндай жобалар жас буынды спортқа тартуға, жаңа таланттарды анықтауға және халықаралық аренада ел намысын қорғайтын ойыншыларды тәрбиелеуге жол ашады. Ал алғашқы чемпион атанған Данияр Шарабадин енді халықаралық деңгейде Қазақстанның үмітін арқалайтын болады.

Ералы ҒАНИ,

«QH»