Жасанды интеллект мектебі

Елімізде цифрлық білім беруді дамытуға бағытталған жаңа бастамаға жол ашылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен телекөпір барысында Қазақстанның 14 өңірінде бір мезетте Tomorrow School жасанды интеллект мектептері іске қосылды. Бұл жоба заманауи технологияларды меңгерген жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған қадам ретінде бағалануда.

Қарағанды облысындағы жаңа мектеп Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің базасында ашылды. Білім ордасы облыс әкімдігі мен университеттің бірлескен бастамасы негізінде жүзеге асырылып отыр. Бұл жоба өңір жастары мен ересек тұрғындарына болашақтың сұранысқа ие мамандықтарын тегін меңгеруге мүмкіндік береді.

Tomorrow School мектебінде оқу ақысыз және кәмелет жасына толған барлық азаматқа қолжетімді. Яғни мектеп түлектері ғана емес, мамандығын ауыстырғысы келетін азаматтар, жұмыс іздеп жүрген жастар немесе жаңа бағытты меңгергісі келетін тұрғындар да қатыса алады. Бұл өз кезегінде халықты қайта даярлау мен жұмыспен қамтуға серпін береді.

Оқу бағдарламасы қазіргі еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, AI-инженерия және ойын әзірлеу салалары бойынша білім беріледі. Бұл мамандықтар бүгінде әлемдік нарықта ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың қатарында.

Сарапшылардың мәліметінше, халықаралық еңбек нарығында жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға байланысты мамандықтарға сұраныс жыл сайын артып келеді. Әлемдік экономикалық форумның болжамына сәйкес, алдағы жылдары технологиялық өзгерістер нәтижесінде миллиондаған жаңа жұмыс орындары ашылады. Соның ішінде деректер талдаушысы, киберқауіпсіздік маманы, бағдарламашы, AI-инженер секілді кәсіптер ерекше сұранысқа ие болады.

Мектептегі оқу жүйесі дәстүрлі форматтан өзгеше. Мұнда классикалық сабақ кестесі мен аудиториялық дәрістер қарастырылмаған. Білім беру peer-to-peer әдісімен жүргізіледі. Яғни студенттер өзара тәжірибе алмасып, бірлесіп жұмыс істеу арқылы жаңа дағдыларды меңгереді. Мұндай тәсіл әлемдегі озық IT мектептерінде кеңінен қолданылады. Оқу орнының сыйымдылығы 50 орынға есептелген. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқы сатысында үміткерлер қарқынды «бассейн» курсынан өтеді. Бұл кезеңде қатысушылардың қабілеті, логикалық ойлауы және жаңа ақпаратты игеру жылдамдығы бағаланады.

Қарағанды облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Марлен Әмірбектің айтуынша, жоба Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылып отыр. Оның сөзінше, Қазақстанда 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланған. Осыған байланысты елімізде цифрлық білім мен жаңа технологияларға ерекше көңіл бөлінуде.

Оқу мерзімі бір жарым жылға созылады. Мектеп тәулік бойы, яғни 24/7 форматында жұмыс істейді. Бұл студенттерге өз уақытын тиімді жоспарлап, сабақты жеке кесте бойынша оқуына мүмкіндік береді. Әсіресе жұмыс істейтін азаматтар мен уақыт тапшылығы бар адамдар үшін мұндай икемді формат өте қолайлы.

Бағдарлама барысында қатысушылар нақты жобалар жасап, тәжірибе жинақтайды. Соңында әр студент өзіне жақын кәсіби бағытты таңдап, еңбек нарығына дайын маман ретінде шыға алады. Бұл тек білім беру жобасы ғана емес, өңірдегі жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруға, IT экожүйесін дамытуға және жастарды табысты мамандықтарға бағыттауға арналған бастама.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай мектептердің ашылуы Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігін күшейтіп, өңірлердегі талантты жастардың ірі қалаларға көшпей-ақ сапалы білім алуына жол ашады. Сонымен қатар болашақта Қарағанды облысында цифрлық кәсіпкерлік пен инновациялық стартаптардың көбеюіне ықпал етуі мүмкін.

Ералы ҒАНИ,

«QH»