Қауіпсіз еңбек – басты құндылық: өндірісте адам өмірі бәрінен жоғары
28 сәуірде әлем елдері Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнін атап өтеді. Бұл дата Халықаралық еңбек ұйымы бастамасымен бекітілген және жұмыс орындарындағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ өндірісте қаза тапқан қызметкерлерді еске алуға арналған маңызды күн.
Қарағанды облысында бұл мәселе айрықша назарда. Өңір еліміздің ірі индустриялық орталықтарының бірі ретінде өндірістік қауіпсіздік талаптарын күшейтуді басты басымдықтардың қатарында ұстап отыр. Көмір, металлургия, машина жасау секілді салаларда мыңдаған адам еңбек ететіндіктен, әрбір жұмыс орнының қауіпсіздігі – күн тәртібіндегі өзекті мәселе.
Жуырда өткен әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысында өндірістік жарақаттануды азайту мәселесі кеңінен талқыланды. Жиында жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау және алдын алу шараларын күшейту қажеттігі атап өтілді. Бұл бағыттағы бақылауды Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаменті жүзеге асырады.
Мамандардың мәліметінше, бір жыл ішінде еңбек инспекциясына үш мыңнан астам өтініш түскен. Бұл көрсеткіш жұмысшылардың өз құқықтарына бейжай қарамайтынын және еңбек қауіпсіздігі мәселесіне қоғам назарын күшейткенін аңғартады. Әрбір өтініш нақты тексеріліп, заң бұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады.
Қазіргі таңда өңірдегі 64 кәсіпорын «Нөлдік жарақаттану» тұжырымдамасына қосылған. Бұл бастама өндірісте жазатайым оқиғаларды толықтай болдырмауды көздейді. Яғни, қауіпсіз еңбек – тек талап емес, кәсіпорын мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс.
Соңғы жылдары өндірістік жарақаттану деңгейінің төмендеуі байқалады. Оның ішінде өліммен аяқталған жағдайлардың азаюы – атқарылған жұмыстың нақты нәтижесі. Дегенмен, мамандар бұл бағыттағы жұмысты босаңсытуға болмайтынын алға тартады. Себебі қауіпсіздік – үздіксіз бақылау мен жүйелі жұмысты қажет ететін сала.
Цифрландыру да еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді құралына айналып отыр. Заманауи технологиялар арқылы қауіпті аймақтарды бақылау, қызметкерлердің жағдайын қадағалау, өндірістік процестерді автоматтандыру мүмкіндігі артып келеді. Бұл адам факторынан туындайтын тәуекелдерді азайтуға ықпал етеді.
Жалпы, Қарағанды облысында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ең бастысы – әрбір жұмыс беруші мен қызметкер қауіпсіздік талаптарын сақтауды ортақ міндет деп түсінуі тиіс. Себебі қауіпсіз еңбек – тек экономикалық көрсеткіш емес, адам өмірі мен денсаулығын сақтаудың кепілі.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

