Ұлттық ойын – ұрпақ мұрасы
Қарағандыда жасөспірімдер арасында асық ату және бесасықтан республикалық чемпионат ұйымдастырылып, ұлттық спорттың жаңа тынысы айқын сезілді. Сарыарқа төрінде өткен додаға еліміздің 15 облысынан 90-ға жуық жас спортшы қатысып, мергендік пен ептіліктің үздігін анықтады.
Бұл чемпионаттың басты мақсаты – ұмыт бола бастаған ұлттық ойындарды қайта жаңғыртып, жас буынның қызығушылығын арттыру. Бүгінде гаджетке тәуелділік күшейген қоғамда асық ойынына бет бұрған жастардың қатары артып келе жатқаны қуантады.
Мамандардың айтуынша, асық ату – тек ойын емес, нағыз спорт түрі. Ол баланың ойлау қабілетін дамытып, мергендікке, дәлдікке және шапшаңдыққа тәрбиелейді.
– Асық ату спорты бүгінде қарқынды дамып келеді. Болашақта олимпиадалық спорт түрлерінің қатарына енуге толық мүмкіндігі бар, – деді облыстық ұлттық спорт федерациясының басшысы Нұржан Шайхин.
Жарыс барысында қыздар бесасық ойынынан шеберліктерін көрсетсе, ұлдар асық атудан сынға түсті. Төрешілердің сөзінше, қазіргі таңда асық ойынына қызығатын жасөспірімдер саны артып келеді.
– Бұл – жас талғамайтын, салмақ пен бойға қарамайтын спорт. Ең бастысы – дәлдік пен шеберлік. Сондықтан мұндай жарыстарда нағыз мықтылар анықталады, – деді жарыс төрешісі Алмас Қарыбаев.
Тарихы тереңге кеткен бұл ойынның 2000 жылдан астам уақыт бұрын пайда болғаны белгілі. Бүгінде оның қайта жаңғыруы – ұлттық құндылықтардың жанданып жатқанын көрсетеді.
Чемпионат қорытындысы бойынша командалық есепте бірінші орынды Алматы облысы иеленсе, екінші орын Түркістан облысына бұйырды. Ал үшінші орынды Астана қаласының командасы еншіледі.
Қарағандыда өткен бұл дода – ұлттық ойындарды дәріптеудің жарқын үлгісі. Осындай жарыстар арқылы асық ойыны тек өткеннің мұрасы емес, бүгінгі ұрпақтың да сүйікті спортына айналып келеді.

