ҰБТ жаңғыру кезеңі: білім берудегі жаңа бағалау моделі қарастырылуда

Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) жүйесін трансформациялау бағытында кешенді дайындық жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қазіргі әлемдік білім беру жүйесі түбегейлі өзгеріп, цифрлық технологиялар, дербес оқыту және таланттарды ерте анықтау тәсілдері кеңінен енгізілуде. Осы үрдістерге бейімделу мақсатында Қазақстанда жоғары оқу орындарына қабылдау жүйесін жаңарту ұсынылып отыр.

Аида Балаеваның пікірінше, жаңа модель талапкерлерді іріктеуде тек тест нәтижесіне ғана емес, олардың сыни ойлау қабілеті мен коммуникативтік дағдыларын да бағалауға мүмкіндік беруі тиіс. Сондай-ақ педагогикалық мамандықтар үшін аралас (гибридті) бағалау жүйесін енгізу қарастырылуда.

Қазіргі таңда грант конкурсына қатысу үшін ҰБТ-ны бір рет тапсыру арқылы қорытынды нәтиже есептеу тетігі де талқыланып жатыр.

Министрлік өкілдері бұл өзгерістердің басты мақсаты – білім сапасын арттыру және талантты жастарды әділ әрі нақты бағалау жүйесін қалыптастыру екенін атап өтті.

Жаңа формат білім беру саласындағы ірі реформалардың бір бөлігі ретінде қарастырылып, ол адами капиталды дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты саналады.

Сарапшылардың пікірінше, ҰБТ жүйесін жаңарту тек емтихан форматын өзгерту емес, сонымен бірге білім беру экожүйесін жаңа деңгейге көтеруге жол ашатын стратегиялық қадам болмақ.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»