Шеберлік шыңдалған жерде сапа бар: Қарағандыда халықаралық стандартпен кадр даярлау жүйесі күшейді
Қарағанды қаласы соңғы күндері кәсіби білім беру саласының басты орталықтарының біріне айналды. Мұнда WorldSkills және Abilympics халықаралық стандарттары бойынша ұйымдастырылған ауқымды оқу-практикалық семинар өтті. Еліміздің әр өңірінен келген педагогтар мен өндірістік оқыту шеберлері бас қосқан бұл алаң – сапалы кадр даярлаудың нақты тәжірибе мектебі.
Семинар аясында еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие жеті бағыт қамтылған. Олардың қатарында аспаздық іс, кондитерлік шеберлік, наубайшылық, кірпіш қалау, флористика, сән технологиясы және шаштараз өнері бар. Ең бастысы – қатысушылар тек теориямен шектелмей, халықаралық талаптарға сай тәжірибелік дағдыларды меңгеруде.
Шара «TALAP» коммерциялық емес акционерлік қоғамының қолдауымен ProfSkills біліктілікті арттыру орталығымен ұйымдастырылды. Негізгі алаңдардың бірі – Қарағанды тамақтану және сервис колледжі. Бұл оқу орны бүгінде кәсіби шеберлік қалыптасатын маңызды орталыққа айналған.
– Біздің колледж базасында WorldSkills және Abilympics стандарттары бойынша халықаралық семинар басталды. Бұл іс-шара үш колледжде жеті құзыреттілік бойынша өтуде. Қарағандыға сегіз халықаралық сарапшы келді. Негізгі мақсат – педагогтардың, өндірістік оқыту шеберлері мен арнайы пән оқытушыларының құзыреттілігін арттыру, – деді Құралай Әбенова, Қарағанды тамақтандыру және сервис колледжінің директоры.
Аталған колледжде аспаздық және кондитерлік бағыттар бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылған. Мұнда қатысушылар тағам әзірлеудің халықаралық стандарттарын меңгеріп, өнімді безендіру, уақытты тиімді пайдалану және сапаны сақтау сияқты маңызды дағдыларды жетілдіруде. Аспаздық цехтарында жұмыс қызу – әрбір деталь, әрбір технологиялық процесс жоғары дәлдікті талап етеді.
– Ресейден келген мамандардан көп тәжірибе алып жатырмыз. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік. WorldSkills сарапшыларынан үйренгенімізді болашақта шәкірттерімізге жеткіземіз. Қарапайым өнімнің өзінде қаншама қыр-сыр бар екенін байқап отырмыз, – деді Дина Ағабекова, өндірістік оқыту шебері.
Кондитерлік зертханаларда шығармашылық атмосфера қалыптасқан. Қатысушылар муссты десерттер, шоколад өнімдері мен карамельден жасалған күрделі композициялар әзірлеуде. Халықаралық сарапшылардың бірі Марина Девятко кәсіби дамудың үздіксіз үрдіс екенін атап өтті.
– Біз конкурстық тапсырмаларды пысықтап жатырмыз. Әр күн белгілі бір бағытқа арналады. Бірақ ең бастысы – үздіксіз оқу. Қаншалықты тәжірибелі болсаң да, жаңа нәрсе үйрену әрқашан маңызды, – деді WorldSkills бас сарапшысы Марина Девятко.
Ал Қарағанды техникалық-құрылыс колледжі базасында кірпіш қалау және флористика бағыттары бойынша сабақтар өтті. Бұл алаңда қатысушылар құрылыс саласындағы дәлдік, технологиялық талаптарды сақтау, жобалық ойлау мен эстетикалық талғамды дамытуға басымдық беруде. Әсіресе кірпіш қалау құзыреттілігі бойынша халықаралық стандарттарды игеру – болашақ құрылысшылар үшін аса маңызды тәжірибе.
Сонымен қатар, технология және сервис колледжінде «сән технологиясы» мен «шаштараз өнері» бағыттары қамтылған. Мұнда қатысушылар киім пішу, тігін технологиялары, заманауи сән үлгілерін жасау, шаш үлгілеу және сұлулық индустриясындағы жаңа трендтермен танысуда. Бұл бағыттар бүгінде қызмет көрсету саласында сұранысқа ие мамандарды даярлауда ерекше рөл атқарады.
Семинардың маңызды бағыттарының бірі – Abilympics қозғалысы. Бұл – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кәсіби әлеуетін дамытуға бағытталған халықаралық жоба. Мұндай бастамалар инклюзивті білім беру жүйесін дамытып, әр азаматтың еңбек нарығында өз орнын табуына мүмкіндік береді.
Жалпы, практикумға Қазақстанның әр өңірінен 60-тан астам маман қатысты. Олардың қатарында оқытушылар, өндірістік шеберлер және студенттер бар. Көпшілігі алдағы ұлттық чемпионаттарға дайындықты бастап кеткен. Сондықтан бұл семинар олар үшін кәсіби деңгейін арттырудың маңызды кезеңі болып отыр.
Мамандардың айтуынша, сапалы кадр даярлау – ел экономикасының тұрақты дамуының басты кепілі. Ал мұндай нәтижеге жету үшін білім беру жүйесінде халықаралық стандарттарды енгізу, тәжірибеге негізделген оқыту және педагогтардың үздіксіз дамуы шешуші рөл атқарады.
Бес күнге жоспарланған семинар қорытындысында қатысушыларға сертификаттар табысталды. Олар алған білімдерін өз оқу орындарында енгізіп, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті жаңа буын мамандарын даярлауға үлес қосады.
Қарағандыда басталған бұл үрдіс – тек бір өңірдің жетістігі емес. Бұл – бүкіл елдің кәсіби білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған нақты қадам. Себебі сапалы кадр – сапалы экономиканың негізі.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

