Жерлестердің жетістігі

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары халықаралық деңгейде ел мерейін үстем етуге мүмкіндік алды. Білім ордасының шәкірттері Еркеназ Қажыахметова мен Медина Марат өздерінің инновациялық жобасымен Италия астанасы Рим қаласында өтетін халықаралық хакатон мен инженерлік конгреске жолдама иеленді.

Дарынды оқушылар қалалық ортаның қолжетімділігін талдау және инфрақұрылымды тиімді жоспарлау бағытындағы ғылыми жобасын ұсынған. Бұл жұмыс республикалық деңгейде жоғары бағаланып, сарапшылар тарапынан үздік бастамалардың бірі ретінде танылды.

Екі оқушы ITECX – First Fibonacci International Congress on Engineering, Technology and Mathematics байқауында сәтті өнер көрсетті. Аталған додаға Астана, Балқаш, Көкшетау және Павлодар қалаларынан келген мектеп оқушылары қатысып, инженерия, технология және математика салаларындағы тың жобаларын қорғады. Қатысушылар арасында жоғары бәсеке болғанына қарамастан, қарағандылық қыздардың еңбегі ерекше бағаланды. Еркеназ Қажыахметова мен Медина Марат байқауға «Әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін талдау және қалалық инфрақұрылымның тұрақтылығын арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу» атты жобасын ұсынды. Бұл бастамаға олар педагог Гүлназ Жомартованың жетекшілігімен екі жылға жуық уақыт бойы дайындалған.

Жоба аясында оқушылар Қарағанды қаласындағы мектептер, ауруханалар мен балабақшалардың тұрғындар үшін қаншалықты қолжетімді екенін заманауи цифрлық әдістер арқылы зерттеген. Олар геоақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, қаладағы әлеуметтік нысандардың орналасуы мен оларға жету мүмкіндігін кешенді түрде сараптады.

Жоба жетекшісі Гүлназ Жомартованың айтуынша, жұмыс барысында интерактивті карта әзірленген.

– Біз Қарағанды қаласындағы мектептер, ауруханалар мен балабақшалардың қолжетімділігін геоақпараттық жүйелер арқылы жан-жақты талдадық. Арнайы интерактивті картада әлеуметтік нысандардың орналасуы, олардың қолжетімділік деңгейі, әкімшілік шекаралар мен көше желісі толық көрсетілген. Бұл жүйе қай аудандардың инфрақұрылыммен жақсы қамтылғанын, ал қай бөліктерде мәселе бар екенін анық көруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге бірнеше қосымша функция енгізілді. Мәселен, Emergency Mode режимі жедел жәрдем көлігінің жету уақытын есептейді. Future 2030 модулі халық санының өсуін ескере отырып, қаланың болашақ дамуын болжайды. Сондай-ақ көлік шешімдері бөлігінде қоғамдық көлік бағыттарын жетілдіру, веложолдар желісін кеңейту және жаяу жүргіншілер аймақтарын көбейту бойынша нақты ұсыныстар қарастырылған. Бұдан бөлек, экологиялық факторлар мен тұрғындардың түрлі санаттары үшін қолжетімділік деңгейі де есепке алынды, – деді ұстаз.

Қазылар алқасы қарағандылық оқушы қыздардың еңбегін жоғары бағалап, оларға Италияның Рим қаласында өтетін халықаралық конгресс пен хакатонға қатысу квотасын табыстады.  Алдағы халықаралық сапар алдында қатысушылар жобаны одан әрі жетілдіруді жоспарлап отыр. Олар жүйені Қазақстанның өзге қалаларының деректерімен толықтырып, интерактивті картаның ауқымын кеңейтпек. Сонымен қатар талдау мен болжау дәлдігін күшейту мақсатында машиналық оқыту элементтерін енгізуді көздеп отыр.

Қарағандылық оқушылардың бұл жетістігі отандық білім беру жүйесінде талантты жастардың көп екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Енді Еркеназ Қажыахметова мен Медина Марат халықаралық алаңда Қазақстан намысын қорғап, өз жобаларын шетелдік сарапшыларға таныстыратын болады.

Ералы ҒАНИ,

«QH»